«Білімнің биік бағдары» атты рухани шара өтті
Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде Ұстаздар күніне орай ұстаз Жұлдыз Бауыржанқызының ұйымдастыруымен «Білімнің биік бағдары» атты рухани-танымдық шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты – ұстаз еңбегін дәріптеу, білім мен тәрбиенің маңызын насихаттау, сондай-ақ ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсету.
Шара барысында қатысушыларға түрлі танымдық әрі көңілді ойындар ұйымдастырылып, ұстаздарға шәкірттерінің арнайы дайындаған бейнеүндеулері көрсетілді. Шәкірттерінің жүрекжарды тілектері мен ізгі лебіздері ұстаздарға ерекше әсер қалдырып, мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.
Кеш барысында қазақтың дәстүрлі халық әндері шырқалып, ұлттық өнеріміз дәріптелді. Қонақтарға ақ дастархан жайылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Сондай-ақ Ұстаздар күніне орай шараға қатысқан ұстаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегіне деген құрмет пен алғыс білдірілді.
Ізгілік пен құрметке толы рухани шара ұстаздарға әрі қатысушы жамағатқа көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік әсерлі сәттермен есте қалды.









































