Айт мейрамында пәтуа сағаты өтті
Айт мейрамына тұспа-тұс келген пәтуа сағаты Ақтөбе облысы бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жамағатқа мерекенің мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Басқосу барысында тұрғындар көкейінде жүрген діни сауалдарын қойып, шариғатқа сай нақты әрі тұшымды жауаптар алды.
Қойылған сұрақтардың қатарында: «Ораза айт неше күн тойланады?», «Пітір садақасын Айт намазына дейін беріп үлгермесек, енді не істеу керек?» деген сынды маңызды мәселелер болды.
Имамдар бұл сұрақтарға жауап бере отырып, Ораза айт мерекесінің негізгі күні – бір күн екендігін, алайда мерекелік көңіл күй мен құттықтаулардың бірнеше күнге жалғасуына рұқсат етілетінін атап өтті. Сонымен қатар, пітір садақасын Айт намазына дейін беру – абзал әрі уәжіп амалдардың бірі екені, ал егер белгілі бір себеппен үлгерілмей қалса, оны кейін де міндетті түрде беру қажеттігі түсіндірілді.
Пәтуа сағаты барысында жамағат діни білімдерін толықтырып, мерекенің рухани мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік алды. Осындай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатыны жеткізілді.









































