Наурыз айының соңғы пәтуа сағаттары өтті
Наурыз айының соңғы пәтуа сағаты Ақтөбе облысы бойынша ұйымдастырылып, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты әрі тұшымды жауаптар берілді. Шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған діни мәселелерді еркін түрде қойып, шариғат шеңберінде нақты түсіндірмелер алды.
Қойылған сұрақтардың қатарында: «Әуелі Рамазан оразасының қазасын өтеу керек пе, әлде шәууәл айының нәпіл оразасын ұстаған абзал ма?», «Рамазан айында кейбір күндері ораза ұсталмай қалса, оған кәффарат өтеу қажет пе, әлде тек қаза жеткілікті ме?» деген мазмұндағы сауалдар болды.
Имамдар бұл сұрақтарға жауап бере отырып, ең алдымен Рамазан айында өтелмей қалған парыз оразалардың қазасын өтеу маңызды екенін атап өтті. Ал шәууәл айындағы алты күн оразасы – нәпіл құлшылық болғандықтан, оны қаза оразалардан кейін ұстау абзал екені түсіндірілді. Сонымен қатар, ораза белгілі бір себеппен (ауру, сапар және т.б.) қалдырылған жағдайда тек қаза өтеу жеткілікті екені, ал әдейі себепсіз бұзылған оразаға кәффарат жүктелетіні кеңінен баяндалды.
Пәтуа сағаты барысында жамағат көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап алып, діни білімдерін толықтырды. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.









































