Жұрын ауылдық мешіті күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты Жұрын ауылдық мешіті күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған Алла үйінің құрметіне салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Игі бастамаға жергілікті руханият жанашыры, дінге жанашыр азамат Айбек Игілікұлы бастаған ауыл азаматтары ұйытқы болды. Ауылдың бірқатар азаматтарының демеушілігімен мешіттің ішкі және сыртқы бөлігінде ауқымды құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қасиетті құлшылық ордасын жаңғыртуға жалпы көлемі шамамен 13 миллион теңге қаражат жұмсалды. Толық жөндеу жұмыстары 6 айға жалғасты.
Мешіттің жаңаруына орай өткен салтанатты шараға облыс, қала және ауылдан арнайы қонақтар қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Жиын барысында мешіттің жөндеу жұмыстарына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы дастархан жайылды.
Шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов облыстың бас имамының құттықтауын жеткізіп, мешіттің жаңаруына атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар табысталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» еңбегі сыйға тарту етілді..
Сонымен қатар наиб имам мешіт салудың және оны көркейтуге үлес қосудың Ислам дініндегі артықшылығы жөнінде уағыз-насихат айтты. Насихат барысында мешіт тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, елді бірлікке ұйыстыратын, бауырмашылдық пен ізгілікті дәріптейтін рухани орталық екені атап өтілді.
«Кімде-кім Алла разылығы үшін мешіт салуға атсалысса, Алла Тағала оған жәннаттан үй дайындайды» деген хадистің мәніне тоқталып, осындай сауапты іске себепкер болған жомарт азаматтарға ізгі тілектер айтылды.
Жиын барысында ауыл ақсақалдары мен жамағат та сөз сөйлеп, игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ақ баталарын беріп, мешіттің ел бірлігінің, имандылық пен руханияттың ордасына айналуына тілектестік танытты.
Берекелі басқосу ел азаматтарының ауызбіршілігі мен қайырымдылығының жарқын үлгісіне айналды. Жұрын ауылдық мешітінің жаңаруы – тек ғимараттың жаңғыруы емес, ауыл руханиятының өркендеуіне жасалған маңызды қадам. Алла Тағала осы игі іске үлес қосқан барша азаматтың ниеті мен еңбегін қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!






















































