АҚТӨБЕДЕ ҚҰДАЙЫ АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ 6825

АҚТӨБЕДЕ ҚҰДАЙЫ АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

22 қараша 2026 107 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти, Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ жариялаған 2026 жыл – «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу: тәртібі мен мәзірі» тақырыбында қала имамдары мен молдаларына арналған семинар өтті.

Тағылымды жиынды Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли ашып, басқосудың мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып, қоғамдағы құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.

Семинарға Ақтөбе облысының Дін істері басқармасының өкілі де қатысып, жиынның өту барысымен танысты.

Семинар барысында Ақтөбе облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Берікболұлы ас беру мәдениетіне қатысты өзекті мәселелерді кеңінен тарқатып, ҚМДБ бекіткен «Ас беру мәдениеті» құжатын, Құдайы аста ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі) құжатын таныстырып, соны басшылыққа алуға шақырды. Атап айтқанда, құдайы ас кезіндегі ысырапшылдық, дастарқан мәзірі, ас беру тәртібі және жаназа рәсімдеріне қатысты шариғи ұстанымдарды түсіндіріп, қазіргі қоғамда жиі кездесетін олқылықтарға тоқталды.

Келесі кезекте Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі Құлмағанбетұлы «Ас берудегі жеті әдеп» тақырыбында насихат айтып, жиынға қатысушыларға құдайы ас өткізудің әдебі мен мәдениетіне қатысты пайдалы мәліметтер ұсынды.

Сонымен қатар семинарға қатысқан «Қурайлы» мешітінің имамы Руслан Елемесов, Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі және қоғам белсендісі Ташкенбай Сұлтанбек Ануарбекұлы және өзге де дін қызметкерлері тақырып төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиынның негізгі мақсаты – халық арасында құдайы ас беру мәдениетін шариғат талаптарына сай қалыптастыру, орынсыз ысырапшылдықтың алдын алу және дін қызметкерлерінің осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүйелеу. Семинар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, күнделікті қызметте кездесетін өзекті мәселелерге қатысты пайдалы мағлұматтар алды.

Айта кетейік, қайғыға душар болған отбасының ауыртпалығын одан әрі арттырып, қарызға батыратын орынсыз шығындар мен ысырапшылдық – Ислам құндылықтарына қайшы әрекеттер. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа және жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай өткізу, құдайы ас беруде қарапайымдылық пен үнемшілдікті сақтау жөнінде ұстанымдарын қалыптастырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Құдайы ас – бәсекелестік пен даңғазалықтың емес, марқұмды еске алып, дұға бағыштаудың, сауапты істің орны.