Жас спортшыларды деструктивті ағымдардан қорғау мәселесі талқыланды
Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ата-аналарға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиында Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызыр «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жас спортшылардың қауіпсіздігі» тақырыбында кеңінен баяндама жасады.
Кездесу барысында діни экстремизм мен терроризмнің пайда болу себептері, деструктивті діни ағымдардың адам санасына тигізер зияны мен қоғамға төндірер қаупі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар жастардың интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілердегі діни мазмұндағы ақпараттарды дұрыс саралай білуі, күмәнді уағыздар мен теріс идеология ықпалынан сақтану жолдары айтылды.
Ауданның бас имамы ата-аналарға бала тәрбиесінде дәстүрлі діни сауаттылықтың маңызын ерекше атап өтті. Ол жасөспірімдердің араласатын ортасына, бос уақытындағы қызығушылықтарына және ғаламтордағы белсенділігіне жіті көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Кездесу соңында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дін қызметкерінен тұшымды жауаптар алды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі




































