Мемлекет басшысы Ақтөбеде ауызашар берді 3276

Мемлекет басшысы Ақтөбеде ауызашар берді

16 наурыз 2024 403 Оқу 1 минут

Қасиетті жұма күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақтөбеде арнайы дастарқан жайылып, Рамазан айында ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.

Ауызашарға Ақтөбе өңірінің қоғам өкілдері, білім, дін, мәдениет және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сондай-ақ, көше тазалаумен айналысатын және өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылар, жастар қатысты.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен өңірдің бас имамы Серікжан Еншібайұлы ауызашарға шақырылғандарды он екі айдың сұлтаны Рамазан айының келуімен құттықтап, елге бейбітшілік, тыныштық пен жақсылық тіледі.

«Рамазан айындағы осындай игі шаралардың өтуі халқымызды бірлікке, татулыққа, ауызбіршілікке, елдікке шақырады. Облыс тұрғындарын осы қасиетті айда қайырымды болуға, өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтарымызбен тәрбиелеуге, тұрмысы төмен отбасыларға көмек беріп, көңіл бөлуге қайырымдылық іс-шараларын жасауға шақырамын. Қасиетті айда жасаған құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, Рамазаннан-Рамазанға аман-есен жете берейік», - деп атап өтті облыс әкімі.

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы жиналған жамағатқа қасиетті айда барынша ізгі амалдарды көбірек жасауға шақырып, ораза ұстаған адамға және ауызаштырған адамға берілетін сауаптар жайлы кеңінен насихат айтты.

Ауызашар шарасында ақсақалдар сөз сөйлеп, ұстаған ораза қабыл болуына тілектестігін білдіріп, жиналған көпшілікке Рамазан айының жақсылығы, оразаның пайдасы туралы айтып өтті.

Шара соңында Құран оқылып, елдің амандығы, береке-бірлігі үшін дұға жасалды.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі