Хромтау: «Жастар ісі» секторы футболдан қайырымдылық турнирін ұйымдастырды 6336

Хромтау: «Жастар ісі» секторы футболдан қайырымдылық турнирін ұйымдастырды

13 мамыр 2026 16 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің «Жастар ісі» секторы ауыр дертке шалдыққан Нұргүл Мақашованың еміне қаржылай көмек көрсету мақсатында шағын футболдан «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық турнирін ұйымдастырды. Аудан көлемінде өткен теңбіл доп додасына 10 команда қатысып, қатысу жарнасынан жиналған 360 мың теңге науқастың есеп-шотына аударылды.

Аталған турнирге Хромтау аудандық «Нұр» мешіті жамағаттарынан құралған екі бірдей топ қатысты. Жарыс барысында қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, мұсылманға тән бауырмалдық пен жанашырлық қасиеттерін де таныта білді.

Шараның жабылу салтанатына ауданның бас имамы Марал Иманғали қатысып, қайырымдылық жасаудың Ислам дініндегі орны ерекше екендігін айтты.

«Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсылықта, тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» деп бұйырған. Осындай сауапты шаралар қоғамдағы ауызбіршілік пен мейірімділікті арттырады. Науқас жанға қолдау білдіру – үлкен сауапты іс әрі адамгершіліктің көрінісі, — деді.

Сонымен қатар имам игі іске атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, Алла Тағаладан Нұргүл Мақашоваға шипа, отбасы мен жақындарына сабыр тіледі. Турнир соңында жамағат мүшелері науқастың тезірек сауығып кетуі үшін дұға жасады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі