Зекетті мешіт шығындарына қолдануға бола ма? 863

Зекетті мешіт шығындарына қолдануға бола ма?

22 қыркүйек 2021 144 Оқу 1 минут

Зекеттің қасиетті Құранда сегіз орынға берілетіндігі жайында былай деп айтылған: «Ақиқатында, (парыз етілген) садақалар (зекет малы) кедейлерге, (ештеңесі жоқ) міскіндерге, сол үшін жұмыс істейтіндерге (зекет жинаушыларға), жүректері (Исламға) бұрылғандарға (дінді қабылдауы үміт етілгендерге), құлдарды азат етуге, шығынға (қарызға) батқандарға, Алла жолында жүргендерге және (жолда қалып қойған) жолаушыларға (жұмсалады). Бұл – Алладан (міндеттелген) парыз. Ал Алла – Білуші және Даналық иесі!» («Тәубе» сүресі, 60-аят). 

Көпшілік ғалымдар «Алла жолында» деген сөздің мағынасын «жиһад, жорыққа шыққан жауынгер» деп түсіндіреді (Ибн Жәрир әт-Табари, Жәмиғ әл-Баян, 14/320. Құртуби, әл-Жәмиғ ли әхкәми әл-Құран, 8/185. Ибн Араби, Әхкәму әл-Құран, 1/369. Шәукәни, Фәтху әл-қадир, 2/373. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 23/322). Ханафи мәзһабында бұл санаттағы адам мұқтаж, кедей болуы шарт (Мәрғинәни, әл-һидая, 1/121).

«Әл-Фәтәуә әл-һиндия» атты кітапта: «Әбу Юсуф «Алла жолында» деген сөздің мәнін «Алла жолында күресіп жүрген кедей» деп түсіндірсе, имам Мұхаммед «Жарты жолда қалып қойған қажыға беріледі» дейді. Дұрысы Әбу Юсуфтың пікірі», – делінген (Әл-Фәтәуә әл-һиндия, 1/188). Десе де, зекетті жолда қалған қажыға берсе, парыз мойнынан түседі деген ғалымдар да жоқ емес (Жассас, Әхкәму әл-Құран, 3/156). Демек зекет Құранда аталған сегіз орынға берумен шектеледі. Мешіт соғу т.б. құрылыс нысандары оның құрамына кірмейді. Өйткені зекет – мұқтаж жандардың ақысы. Адам болмысын тіктеу мешіт соғудан жоғары тұрады. Оған қоса зекетті мұқтаж жанның қолына табыстау, иелігіне беру – оның басты шарты. Ал зекетті мешіт құрылысына беру бұл шарттың жүзеге асуына кедергі болады (Бәдаи ас-санаиғ, 2/456). Кейбір ғалымдар «Алла жолында» деген сөз бүкіл ізгі амалды қамтиды. Өйткені ол жалпылама келген. Нақты дәлел болмаса оны бір нәрсемен шектеп қоюға болмайды. Ал бұл мәселеге қатысты нақты дәлел жоқ дейді (Тәфсиру әл-Хазин, 3/13. Тәфсиру әл-Қасими, 8/3181. Тәфсиру әл-Мәрәғи, 10/145. Шейх Мәхлуф, Фәтәуә шәрғия, Абдулхалим Махмуд, әл-ибәдә әхкәмун уә әсрарун, 1/344-345).

Фахруддин әр-Рази былай дейді: «Алла жолында» деген сөзді тек соғыспен шектеуге болмайды. Имам Қаффал осы мағынаны қуаттап өзінің тәпсірінде кейбір фақиһтардың: «Зекетті мәйітті кебіндеу, қорған құру, мешіт тұрғызу секілді бүкіл ізгі амалдарға жұмсауға болады. Өйткені «Алла жолында» деген сөз барлығын қамтиды», – деген пікірді келтірген» (Мәфәтиху әл-ғайыб, 6/87).

Зекетті мешітке жұмсау мәселесіне қатысты шейх Мухаммад Шәлтуттен «Зекетті мешіт құрылысына жұмсауға бола ма?» деп сұрағанда былай жауап берген: «Егер бір ауылда ешқандай мешіт болмаса немесе мешіт болып, бірақ оған адамдар сыймай тағы біреуін салуға қажеттілік туындаса, онда зекетті сол мешіт құрылысына жұмсауға болады. Мұнымен ол «Тәубе» сүресіндегі «Алла жолында» деген орынға зекет берген болып саналады. Сондай-ақ ол бір мағынамен шектелмей, мешітті, аурухананы, білім ордасын т.б. жалпы мұсылмандарға пайдасы тиетін ізгі амалдарды қамтиды» (Әл-Фәтәуә әш-Шәлтут, 128-129).

Дұрысы «Алла жолында» деген сөз жиһад мағынасын білдіреді. Алайда бұл «жиһад» сөзі тек соғыспен шектелмейді, оның ауқымы кең. Ол діни білім алушыларды да (Ибн Нужайм, әл-Бахру әр-райық, 2/422), Ислам насихатын жеткізушілерді де қамтиды (Ислам фиқһи академиясы, 3-саны, 210).

 

Үкім:

Зекет Құранда аталған сегіз топтағы адамдарға беріледі. Алайда қажеттілік туындағанда мешіт және медресе шығындарына (су, жылу, жарық т.б.) жұмсауға рұқсат етіледі.

 

«Мұнара» газеті, №12, 2021 жы