«Бүгінгі күннің батырлары» атты шара өтті 3814

«Бүгінгі күннің батырлары» атты шара өтті

13 қазан 2024 287 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Зекет және қайырымдылық қоры» мен «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Бүгінгі күннің батырлары» атты шара өтті. 

Елімізде қазанның екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі жандар күні. Осыған орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында тағдырдың тауқыметіне мойымаған мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқор болып отырған аналар мен олардың балаларына қуаныш сыйлау мақсатында дастархан жайылды.

Ізгі шарада облыстың Бас имамы Амантай Садиев аналарға ізгі ниетін білдіріп, «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деген «Рахман» сүресінің аятын баяндай келе, «жер бетінде қаншама мүмкіндігі шектеулі болып туылған қаншама адам бар. Бірақғ бұл олардың ақыл-есі жоқ, санасыз деген сөз емес. Керісінше, сіздердің қайсарлығыңыз бен табандылықтарыңыз көп адамға үлгі және ақыретте сауабы мол амал» деп, айтулы мерекемен құттықтады.

«Зекет және қайырымдылық қорының» облыстағы өкілі Алмат Әли: «Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. Біздер қолдан келген көмегімізді аямаймыз ай сайын көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз»- деді.

Шара барысында «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері аналарға жыр шумақтарын тарту етіп, еріктілер тобы мен аниматорлар балалармен бірге ойын ойнап, көңілдерін көтерді. Ерекше өнер көрсетіп, өлең оқып, ән айтқан балаларға сыйлықтар берілді.

Қонақтар көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға рахметін айтып, ыстық ықыласын білдірді.

 Айта кетсек, әр отбасыға азық-түлік қоржыны мен су жаңа күртешелер таратылды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі