«Зекет» қорының ақтөбелік өкілі қайырымдылыққа үндеді
Бүгін Республикалық «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Сұңғат Сәметов орталық «Нұр Ғасыр» мешітімен бірлесіп өткізген қайырымдылық шарасы барысында, облыстық «Ақтөбе» телеарнасына арнайы сұхбат беріп, аталмыш акцияның мақсаты жөнінде жан-жақты баяндап берді.
Сұңғат Қанатұлы Әлемді тіксіндіріп отырған коронавирус індетінің таралуын ауыздықтау мақсатында елде жарияланған ТЖ кезінде Мемлекет басшысының «Біз біргеміз» атты және ҚМДБ Төрағасының «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық жобалары, Ақтөбе облысының Бас имамы бастаған дін өкілдері мен жергілікті жамағат тарапынан қолдау тапқанын тілге тиек етті.
Нәтижесінде, сәуірдің екінші күні облыс орталығындағы көтерме сауда орындарының иелері мен жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен Ақтөбеде ауқымды қайырымдылық шарасы өтіп, 100 отбасыға азық-түлік пакеттері табысталды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға күнделікті тұтынатын аса қажетті өнімдер қамтылған жалпы 2.5 тонналық азық-түлік таратылды.
Республикалық «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі қазіргідей төтенше жағдай кезеңінде өңірдегі қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табуы керектігін айтып, өңірдегі бизнес өкілдерін мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасыларға жәрдем беріп, көмек көрсетуге шақырды. Сонымен бірге аудан кәсіпкерлерін де жергілікті жерде ауылдастарына барынша қолдау білдіруге үндеді.
Ақтөбелік Атымтай жомарт жандар сын шақта #Biz_Birgemiz акциясынан шет қалмай, тұрмыстық түйткіл шеңгеліндегі мұқтаж ағайынға мүмкіндігінше көмек қолын созады деген сенімдеміз.
Еске сала кетейік, Ақтөбедегі облыстық (жауапты: Кенжегүл Қошқарова, тел.: 7708 1203621) және қалалық мешіттерде (жауапты: Асылхан Тұрлыбеков, тел.: 7702 5109853) күнделікті тұтынуға қажетті бұзылмайтын азық-түлік түрлері, бетперде (маска) қабылданады. Ал қаржылай көмекті «Каспий Голд» есебіне аударуға болады: 5169 4931 0673 1295.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі