«НҰР ҒАСЫР»: 1 миллион Зекет үлестірілді 349

«НҰР ҒАСЫР»: 1 миллион Зекет үлестірілді

02 тамыз 2020 69 Оқу 1 минут

Бүгін, 4 мамырда, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ардақ Өтегенов 40 жерлесімізге 1 миллион теңге көлемінде зекетін үлестірді. Қайырымдылық шарасын ашқан Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспан жиналған қауымға Рахым айының қадір-қасиетімен бірге, Оразада жасалған жақсылықтың сауабы мол болатынын айтты.

«Рахым айында берілген садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде Зекет беруге асыққаны абзал. Рамазанда Ардақ Садақбайұлының миллион теңгені зекет ретінде таратуы – Алла Тағаланың бұйрығына бағынуы деп бағалаймыз. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз Зекетін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз»,- деді Төлеби Дәділұлы.

Айта кетейік, Ардақ Садақбайұлы өткен жылы да Құран айында «Нұр Ғасыр» мешітінде ақтөбеліктерге 1 миллион теңге зекетін берген болатын. 40 адамның әрқайсысына 25 мың теңгеден таратылды. Сонымен бірге былтырғы оразада ауқымды қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, А.Садақбайұлы 500 мың теңге көлеміндегі қаражатқа азық-түлік алып, мұқтаж жерлестерімізге таратқан еді.

Ал биыл екінші рет «Нұр Ғасыр» мешітінде Зекет берген жомарт жан тағы да 40 адамның әрқайсысына 25 мың теңгеден, жалпы 1 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Қаржылай жәрдем әр түрлі санаттағы ақтөбеліктерге берілді.

«Алланың жердегі үйінде» ақжарма лебізін бөліскен Атымтай жомарт: «Қасиетті Рамазан баршаңызға құтты болсын! Оразамыз қабыл болсын! Сіздердің ризалықтарыңызды алу үшін зекетімді бере отырып, бәріңіздің отбасыңызға жақсылық тілеймін!»,- деп, ағынан жарылды.

Еске салсақ, А.Садақбайұлының ата-анасы қажылық парызын өтеген мейірбан жандар. Жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр.

Алла Тағала жомарт азаматтың зекетіне мол сауаптан жазып, игі кәсібіне берекетін берсін!

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі