Төтенше жағдайдан кейін: Байғанин аудандық мешітіне 4 700 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді 6604

Төтенше жағдайдан кейін: Байғанин аудандық мешітіне 4 700 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді

01 тамыз 2026 268 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен және ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен табиғи апаттан зардап шеккен Байғанин аудандық орталық мешітіне қаржылай көмек берілді.

Бұған дейін Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев төтенше жағдайдан кейін Байғанин ауданына арнайы іссапармен барған болатын. Сапар барысында өңірдегі ахуалмен және қатты дауыл мен нөсер жауыннан зардап шеккен аудандық орталық мешіттің жай-күйімен танысты. Табиғи апат салдарынан құлшылық үйінің шатыры ұшып, оның астындағы ағаш құрылымдары айтарлықтай зақымданған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облыстық өкілдігі мен Ақтөбе қаласы мешіттерінің ұйытқы болуымен зардап шеккен мешітті қалпына келтіру үшін 4 700 000 теңге көлемінде қаржы жиналды.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жақсылық пен тақуалық жолында бір-біріңе жәрдемдесіңдер…» («Мәида» сүресі, 2-аят) – деп бұйырса, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір мұсылманның дүниедегі бір қиыншылығын жеңілдетсе, Алла Тағала оның Қиямет күніндегі бір қиыншылығын жеңілдетеді» (Сахих Мүслім) – деп мұсылмандарды қайырымдылық пен өзара жәрдемдесуге үндеген.

Аталған қаражаттың сертификаты жұма күні Ақтөбе қалалық орталық мешітінде, жұма намазына жиналған жамағаттың алдында табысталды. Қаланың Бас имамы Алмат Әли қаржылай көмекті Байғанин аудандық орталық мешітінің Бас имамы Ержан Ермұратұлына салтанатты түрде тапсырды.

Бұл игі іс — мұсылман қауымының ауызбіршілігі мен бауырмалдығының, қиын-қыстау кезеңде бір-біріне демеу бола білетін жанашырлығының жарқын көрінісі. ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі осы сауапты іске үлес қосқан және қайырымдылық шарасына атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіріп, қайырымдылықтары қабыл болып, отбасыларына амандық, кәсіптеріне береке мен еңбектеріне мол сауап жазылуын тілейді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі