Қала тұрғындары мен бүлдіршіндерге айттық таратылды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес қайырымдылық және рухани шаралар жалғасып келеді.
Осы жоспар аясында Ораза айт мерекесінде Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Досбол Аймырза мен дін жанашыры, кәсіпкер Жәнібек Баймырза қала тұрғындары мен балаларға мерекелік көңіл сыйлап, айттық табыстады.
Олар қаладағы аз қамтылған және көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі санаттағы отбасылар тұратын көпқабатты үйлердің тұрғындарына және бүлдіршіндерге арнап арнайы сыйлықтар дайындап, әр затты 100 данадан 60 балаға қайырымдылық ретінде үлестірді.
Бұл бастама жас ұрпақтың көңіліне қуаныш сыйлап, мейірім мен жанашырлықты дәріптеуді мақсат етеді. Балалардың бойында ізгілікке, қамқорлыққа және рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Сауабы мол игі іске қолдау көрсеткен демеушілер мен барша жанға Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































