Ақтөбе: «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында 1000 000 теңге табыстады 2263

Ақтөбе: «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында 1000 000 теңге табыстады

15 қараша 2022 164 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Өмірге үміт сыйла» акциясы қолға алынған болатын. Осыған орай, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде қайырымдылық жобасы аясында «Зекет және қайырымдылық қоры» ауыл имамының науқастанған 2 баласының еміне деп 1 000 000 теңге қаржы жинады.

Аталған сауабы мол игі шараға Ақтөбе өкілдігіне қарасты облыс, қала, аудан, ауыл мешітінің имамдары мен Алладан сауап үміт еткен жомарт жандар
атсалысты.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған дін мамандарының бір аптада жинаған қаржысын облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы балаларына шипа тілеп, еміне деп Темір ауданы, Ақсай ауылдық мешітінің имамы Түрікменбай Хабиболлаға табыстады. Ал қолдау білдірген имамдарға ауыл имамы ризашылығын білдірді.

Мешіттер рухани орын ғана емес, қайырымдылық пен ізгілік жасайтын орын болып саналады.
Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.)

Сонымен қатар «Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) хадисіне сай «Садақаны саулығыңда бер» деген бабалырымыз бес күндік тіршілікте ажал келместен, басқа бәле келместен алдын садақа беруді үрдіске айналдырған.

Одан өзге садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге рұқсат.

Құранда: «Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» (2.Бақара-274) -делінген.

Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі