«Игілікке үндеген ұлы мереке – Құрбан айт» атты рухани кеш өтті 6402

«Игілікке үндеген ұлы мереке – Құрбан айт» атты рухани кеш өтті

28 мамыр 2026 30 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесіне орай «Игілікке үндеген ұлы мереке – Құрбан айт» атты рухани-танымдық және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған рухани кеш өтті. 

Аталған шараға қала мешіттерінің әйел жамағаты, жастар мен балалар қатысып, қасиетті мерекенің рухани атмосферасын сезінді.

Іс-шараны мешіттің бас имамы Еламан Кәрім Еламан ашып, жиналған жамағатты қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Имам Құрбан айттың мұсылман үмбеті үшін маңызына кеңінен тоқталып, жамағатты ынтымаққа, бауырмалдыққа, сабыр мен шүкіршілікке шақырды. Сонымен қатар құрбандық шалудың рухани-тәрбиелік мәні мен қоғамдағы қайырымдылықтың орны жөнінде тағылымды насихат айтты.

Одан өзге ақсақал Шынтас Мырзабек айтпен құттықтап, ақ батасын арнады. Ел бірлігі мен татулықтың маңыздылығын атап өтіп, барша жамағатқа амандық пен береке тіледі.

Шара аясында жамағат арасында діни-танымдық сұрақ-жауап бағдарламасы ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық спорттық сайыстар өтті. Атап айтқанда, гір көтеру және қол күрес сайыстарында қатысушылар өзара бақ сынады. Қорытындысы бойынша жүлделі орын иеленген азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Кеш барысында көпшілік назарына тәрбиелік мәні зор көрініс ұсынылып, жиналған қауымға рухани әсер сыйлады. Мереке қарсаңында балаларға айттықтар таратылып, бүлдіршіндердің қуанышына себеп болды.

Аталған мешіттің ұстазы Жұлдыз Бауыржанқызы уағыз айтып, қасиетті Зүл-хижжа айының артықшылықтары мен Құрбан айт мерекесінің ерекшеліктерін айтып, жамағатты ізгілікке, мейірімділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге және қоғамда игі амалдарды көбейтуге шақырды.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі