Қызметтік автокөлікке үлес қосқандар марапатталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай дін жанашырлары мен кәсіпкерлер Хромтау аудандық «Нұр» мешітіне жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігін уақып етті.
Аталған көліктің кілтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде салтанатты түрде табыстаған болатын.
Бүгін жұма намазында Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали мешіт жамағатының алдында қызметтік автокөліктің алынуына үлес қосқан еңбек ұжымдары мен дін жанашырларына алғысын білдірді. Сондай-ақ қайырымдылық іске атсалысқан азаматтарға естелік сыйлық ретінде арнайы статуэткалар табыстады.
– Асыл дінімізде қайырымдылықтың ең абзалының бірі – уақып. Шариғатта «уақып» белгілі бір мүлікті Алла жолында игілікке арнап, одан адамдардың тұрақты түрде пайда көруін көздейтін қайырымдылық түрі ретінде түсіндіріледі. Бұл автокөлік мешіттің діни-ағартушылық жұмыстарын жандандыруға, шалғай ауылдарға баруға, әлеуметтік көмек пен қайырымдылық шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Уақып арқылы жүзеге асып жатқан мұндай игі бастамалар қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін нығайтуға қызмет етеді, – деді Марал Иманғали.
Жаңа қызметтік автокөлік мешіттің күнделікті жұмысына, діни-ағартушылық және қайырымдылық бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыруға пайдаланылатын болады.









































