Хромтауда Мәуліт кеші өтті 6680

Хромтауда Мәуліт кеші өтті

18 қыркүйек 2026 15 Оқу 1 минут

Хромтау аудандық "Нұр" мешітінде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікті арттырып, сүннетін насихаттауға арналған тағылымды Мәуліт кеші өтті.

Кештің негізгі мақсаты — Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы естіп қана қоймай, оның көркем мінезі мен сүннеттерін жүрекке сіңіріп, күнделікті өмірімізге енгізуге үндеу болды.

Кеш Құран аяттары мен салауаттан басталып, жамағатқа Мәуліт кешінің мән-маңызы таныстырылды. Одан әрі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін дәріптейтін әсерлі, жүрек тебірентер ғибратты көріністер ұсынылды.

Көріністерден кейін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен сыр шертетін әсерлі монолог оқылып, жамағатқа ой салды.

Кештің ерекше бөлімдерінің бірі — «Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) неге теңер едіңіз?» атты бөлім болды. Қатысушылар жүректеріндегі сезімдерін түрлі әдемі теңеулер арқылы жеткізді. 

Рухани кеш ұлттық өнермен де сабақтасты. Жамағатқа «Ерке сылқым» күйі тарту етіліп, әсем әуен кешіміздің көркін аша түсті.

Кешке арнайы Ақтөбе қаласындағы «Махаббат» мешітінен Шолпан Қайыр ұстаз қатысып, жамағатқа жылы лебізін білдіріп, тағылымды насихат айтты.

Сүннетті дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Сүннет күнделігі» мен «Онлайн сүннет эстафетасына» белсенді қатысқан жандар арнайы марапаттарға ие болды.

Кеш барысында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрген тағамдардан үлгі ретінде арнайы фуршет ұйымдастырылды. Сонымен қатар көңілді ойындар кешке ерекше серпін сыйлады.

Кеш соңында әр қатысушыға «Сүннет сыйлығы» табысталып, сыйлық арқылы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сүннетін күнделікті өмірде жалғастыруға шақырылды.

Кеш соңында жамағатқа: «Мен бүгіннен бастап Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қай сүннетін өміріме енгіземін?» деген сұрақ қойылып, әр адам өз жүрегінде осы сұраққа жауап іздеді.

Осылайша Мәуліт кеші тек бір күндік басқосу емес, жүректерге әсер қалдырып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін жаңғыртуға себеп болған рухани кеш ретінде өтті.