Жастарды жат діни идеологиядан сақтандыру – ортақ міндет
Ойыл ауданы Ақшатау орта мектебінде 9, 10, 11-сынып оқушыларының қатысуымен «Деструктивті ағымдар – бірліктің жауы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызыр қатысып, жасөспірімдерге діни сауаттылықтың маңызы мен деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы түсіндірді.
Бас имам өз сөзінде: «Жастардың діни сауаты жоғары болған сайын, түрлі жалған діни ақпараттар мен теріс идеологиялардың жетегінде кету қаупі азаяды. Сондықтан дін мәселесінде ақпаратты кез келген әлеуметтік желіден емес, сенімді әрі дұрыс діни дереккөздерден алған жөн», – деп атап өтті.
Кездесу барысында оқушыларға дәстүрлі діни құндылықтарды құрметтеу, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау, ата-ана мен ұстаздың ақыл-кеңесіне құлақ асудың маңыздылығы айтылды.
Іс-шара соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, діни тақырыпта пайдалы мағлұматтар алды.






































