Мұражайда әйел жамағатына құндылықтар таныстырылды 3854

Мұражайда әйел жамағатына құндылықтар таныстырылды

24 қазан 2024 419 Оқу 1 минут

«Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Республика күнінің қарсаңында әйел жамағатына мұражайға экскурсия ұйымдастырды. Экскурсияның мақсаты жамағатқа мұражайдың таусылмас қазына екенін ұғындырып, өткен өмір тарихын, ескі табиғи заттардың қадір-қасиетін, өткен мен болашақты жалғастырушысы екенін түсіндіру.

Ақтөбе өңірлік тарихи-өлкетану муражайы еліміздің және өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған облысымыздағы ірі мәдени ошақтың бірі.

Мұражайдың 8 залында орналастырған өлкенің пайдалы қазба кендері, жануарлар мен сирек кездесетін өсімдіктер, археологиялық қазба кезінде табылған еңбек құрал-жабдықтары, қыштан жасалған бұйымдар, қазақ-қалмақ соғыстары туралы құнды мәліметтер, сол кездегі қару-жарақ үлгілері қойылған. «Алаш» ұлттық-демокр. қозғалысы, саяси-қуғын сүргін құрбандары, осы өлкедегі зиялы қауым жөнінде құжаттар жинақталған. 

Жамағатымызды қатты толғандырған «Дулығалы дала перзенттері» залы болды. Тарихи және мұрағаттық құжаттар, ескерткіштер арқылы өңір аумағындағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен бас көтерулер, жекелеген батырлар мен қолбасшылар туралы сыр шертті.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы оқиғаларына арналған зал облыс тумалары қатарынан шыққан майдангерлер мен батырлар туралы баяндайды.

Тұтас бір дәуірдің тарихын, этнографиясын ғасырдан-ғасырға жеткізіп отыратын тарихи-өлкетану мұражайын аралау сәтінде кітаптан оқыған тарихи оқиғалардың шынайы көрнісін көргендей жамағаттың қызығушылығы артып, патриоттық рухқа бөленіп шықты.