«Қыс — мүміннің көктемі» рухани марафоны өз мәресіне жетті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен екі ай көлемінде облыс деңгейнде өткен «Қыс — мүміннің көктемі» атты рухани марафон қортындыланды. Аталған жоба қыс мезгілін құлшылық пен ізгі амалдарға арнап, жамағатты Рамазан айына жан-жақты рухани даярлауды мақсат етті.
Қорытынды кеш қасиетті Құран аяттарымен басталып, қыс мезгілінің мүмін үшін үлкен мүмкіндік екендігі кеңінен насихатталды.
«Біз күткен Рамазан» атты «Қыс — мүміннің көктемі» рухани марафонына ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының бас маманы Мейіржан Бауыржанұлы арнайы қонақ ретінде қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бас маман ауызашар мәзірі мен адал астың адам өміріндегі маңыздылығы туралы айтты.
Ақтөбе облыстық орталық мешіттің наиб имамы Талғат Аманов қыс айларындағы құлшылықтың артықшылығы жөнінде тағылымды уағыз айтып, жамағатты сауапты істерге шақырды.
Ал Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Кенжегүл Кушкарова марафонның маңыздылығына тоқталып, ұстаздардың онлайн уағыздарының соңында қойылған сұрақтарға толық жауап берген, амалдар кестесін толтырып, күнделікті есеп жүргізу арқылы өзін-өзі тәрбиелеуге мән берген, кітап талқылауларда үздіксіз атсалысқан қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Instagram парақшасында екі ай бойы күнделікті тікелей эфир арқылы онлайн уағыз жүргізіп, жамағаттың рухани білімін арттыруға үлес қосқан ұстаздардың еңбегі жоғары бағаланды. Тұрақты түрде насихат айтып, тыңдармандар сұрақтарына жауап беріп, үздік деп танылған «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова, қалалық сауат ашу орталығының ұстаздары Анар Қойшығұлова, Гүлжайнар Ералиева және Айзат Қобланқызы Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтың атынан алғыс хат және демеушілер ұсынған сыйлық сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ тікелей эфирлердің соңында ұйымдастырылған сұрақ-жауап бөлімінде тұрақты түрде қатысып, қойылған сұрақтарға мүдірмей әрі толыққанды жауап беріп отырған тыңдырмандар да назардан тыс қалмады. Білімге деген ынтасы мен жауапкершілігі жоғары болған Қалық Ақмерей, Айгерім Бақытова және Зәру Тәттіғали үздік деп танылып, марапатқа ие болды.
Шара барысында ұстаз Ақтолқын Орысбайқызы марафон жамағаттың рухани серпілісін арттырып, білімін тереңдетуге үлкен мүмкіндік бергенін айта келе, білім мен тәрбиенің маңызына ерекше тоқталды.
Марафон аясында рухани-танымдық бағыттағы Ағабек Қонарбайұлының «Ой салар оқиғалар» кітабы бойынша ұйымдастырылған кітап талқыны Темір аудандық мещітінің ұстазы Радина Бимолдина жүргізді. Telegram желісінде күнделікті өткізілген кітап талқыға жоғары баға берген қалалық әйелдер сауат ашу орталығының ұстазы Айзат Қобланқызы кітаптағы тағылымы мол оқиғалар кеңінен сараланып, қатысушылар өз ой-пікірлерімен қызу бөлісті деп атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша белсенділік танытқан қатысушылар Жумагалина Алтынгүл, Мариям Оразалина, Әйгерім Бақытова алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар Рамазан айының рухани атмосферасын қалыптастыру, отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында өткізілген «Үйді Рамазанға безендіру» байқауының қатысушылары да жүлделі орындармен марапатталды.
Рухани кеште салауаттар айтылып, мешіт хоры діни әндер орындады.
Іс-шара соңында демеушілерге алғыс хаттар табысталып, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірілді. Қорытындысында кештің рухани мәртебесін толықтыратын ауызашар дастарханында ұстаз Алтынай Исаева және Анар Қойшығұлова Рамазан тақырыбында уағыз айтты.
Сауабы мол игі шарада ҚМДБ баспасынан шыққан кітаптардан көрме ұйымдастырылды.
«Қыс — мүміннің көктемі» марафоны жамағатты бірлікке, білімге және ізгі амалдарға үндеген тағылымды жоба ретінде жоғары деңгейде өз мәресіне жетті деп қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, әжелер батасын беріп, келесі марафонды асыға күтетінін айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі



































































