«Қурайлы» мешітіне жаңа азаншы тағайындалды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты Ақтөбе қалалық «Қурайлы» мешітінде жаңа кадрлық тағайындау болды.
Мешіттің бас имамы Руслан Елемесов жұма намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен қызметке кіріскен жаңа азаншы Кумарбеков Ернұр Мударисбекұлын ресми түрде таныстырды. Бас имам жаңа маманның қызметіне береке тілеп, дін жолындағы жауапты міндетті абыроймен атқаруына тілектестік білдірді. Сонымен қатар жамағат та жас маманға ізгі тілектерін арнап, бата берді.
Айта кетсек, жаңадан тағайындалған азаншы Ернұр Кумарбеков — «Ақтөбе» медресе-колледжінің биылғы түлегі. Ол оқу орнын сәтті тәмамдап, діни кадрларды өңірлерге бөлу бағдарламасы аясында осы қызметке жолдама алған.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі



































