Хромтауда жаназа және жерлеу рәсімдерін біріздендіру мәселесі талқыланды
Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде аудан ақсақалдары мен дін мамандарының қатысуымен «Жаназа және жерлеу рәсімі» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға ҚМДБ-ға қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының Ақтөбе облысы бойынша директоры Ақылбек Сатауұлы арнайы қатысып, өңірдегі діни-рухани жұмыстардың өзекті бағыттары жөнінде баяндама жасады.
Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали төрағалық еткен ресми кеңес барысында қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту, діни рәсімдерді шариғат талаптарына және ұлттық салт-дәстүрге сай ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар ақсақалдар қауымы бірқатар маңызды бастамалар көтерді:
Жастар тәрбиесі:
Қонақасы және жаназа жиындарына жастардың қатысу мәдениетін қалыптастыру;
Садақа уақытын реттеу: Рамазан айында күндізгі уақытта және жұма күні түскі мезгілде садақа дастарқанын жаймай, оны ауызашар уақытына немесе кешкі мезгілге ауыстыру. Бұл ораза ұстаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған;
Ысырапшылдықпен күрес: Ас беру рәсімдерін біріздендіріп, дастарқан мәзірінде қарапайымдылықты сақтау, ысырапқа жол бермеу;
Жаназа мәдениеті: Жаназа намазына мешіт имамдарының міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету.
Осы ретте «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының тәртібі мен талаптарына сәйкес жерлеу рәсімдерін біртұтас жүйеге келтірудің маңыздылығы түсіндірілді.
Жиынды қорытындылай келе, Ақылбек Сатауұлы мұндай кездесулердің қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтуға, дәстүр мен дін сабақтастығын сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Кездесу соңында ақсақалдар мен мешіт қызметкерлері аудан тұрғындары арасында осы қабылданған ортақ ережелерді бірлесе насихаттауға уағдаласты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі








































