Түйетөбеде қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағышталды 3374

Түйетөбеде қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағышталды

31 мамыр 2024 308 Оқу 1 минут

Ақтөбеліктер бүгін Түйетөбе басына жиналды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағыштады. Жиналған халық бір минут үнсіздік жариялап, тағзым етті. Қазақтың тарихындағы ең бір қайғылы, қасіретті жылдар — 30-50-ші жылдардың аралығы. Ашаршылықтан енді ғана басын көтерген қазақ халқы саяси қуғын-сүргінге тап болды. Сол 30-шы жылдарда қазақтың жартысы қырылды.  Іс-шараға Ақтөбе халқы, діни қызметкерлер, әкімшілік қызметкерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының туысқандары, саяси партиялардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтардың басшылары және қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Облыс және қала басшылығы мен мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың атынан гүл шоқтары қойылды. Ақсақалдар Тәуелсіздігімізді сақтап тұру үшін халықты елде ауызбіршілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды. Тарихшылардың есептері бойынша, 30-шы жылдардағы репрессия кезінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбірулерінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны педагогикалық институттың тарих факультетінің қызметкерлері Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтады. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі байқалған. 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр»  мешітінің баспасөз қызметі