БҰРҺАН АД-ДИН АХМАД ӘЛ-ФАРАБИ 485

БҰРҺАН АД-ДИН АХМАД ӘЛ-ФАРАБИ

29 қаңтар 2021 148 Оқу 1 минут

ҰҒА академигі, профессор Әбсаттар Дербісәлінің ұзақ жылдан бергі зерттеуі нәтижесінде қазақ жеріндегі тарихи қала Отырардан (Фараб) шыққан отыздан астам оқымыстының аты-жөні айқындалған. Демек аталған ғалымдар жайында мағлұматтарды барынша жинастыру, түгендеу, зерттеу жүргізу, ата жұртында таныту жұмыстарын жасау ләзім. Сондай ғалымның бірі – Бұрһан ад-дин Ахмад әл-Фараби.

Әбсаттар Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» (1991) кітабында неміс шығыстанушысы К.Брокельманға (1818-1956) сүйене отырып, ғұламаның аты-жөні, 1174  жылы қайтыс болғаны, «Заллат әр-қари» («Намазда Құран оқу кезіндегі қателіктер») атты еңбегі бар екенін, аталған еңбектің қолжазбасы қазір Петерборда сақтаулы тұрғанын айтқан болатын.

Отырарлық оқымыстының бұл туындысы намазда жіберілетін қатені түзету мәселесіне арналған. Еңбек қолжазба күйінде Петербор, Стамбұл, Каир т.б қалалардағы кітапханаларда сақталған. Осы мұраға қызығып, іздестіре бастағанда кітапты ғылым докторы Таһа Мұхаммад Фарси зерттеп, өңдеп электронды кітап етіп бастырғанын білдік. Басылымды қолға түсіріп, зерделегенімізде оның өлең түрінде, оның ішінде қасида жанрындағы ерекше еңбек екенін аңғардық. Қасида он бес тақырыптағы бөлімге жіктеліп, жетпіс сегіз бәйітпен өрілген. Арабтың «нуния» деп аталатын өлең өрімінде жол соңындағы сөздерді «нун» әрпімен аяқтау арқылы ұйқастырады. Шығармада намаздағы қырағатта, имамдықта және жамағатпен оқудағы жіберілетін ағаттықтар жырланған.

Бұл туындыға қазақ жеріндегі ежелгі қала Жендтің тумасы әл-Жендидің «Қуният әл-имам шарх «Қасида из заллат әл-қари», яғни «Заллату әр-қари» қасидасына түсінік – Имамның меншігі (қолынан тастамайтын құнды дүниесі)» жазылғанын, оның екі нұсқасының жоғалмай жетуін оқығанымыз тосын жаңалық болды. Әрі бұл қозғаусыз жатқан шығарманың кейінгі кезде   араб ғалымдарының назарына ілініп, жарыққа шыққанын естіп тағы қуандық.  Осы қолжазбаны ғылым докторы Таһа Мұхаммад Фарис 2020 жылы Дубайда «Құран Кәрімге арналған ізденістер мен зерттеу бойынша» Дубай мемлекеттік грантының иегері болып «Құранды зерттеу сериясымен» алғысөз, түсініктерімен бастырыпты. Араб елінде жарияланған бұл басылымды әуе қатынасы шектелген пандемия уақытында алдырту оңайға соққан жоқ. Таһа Мұхаммад Фарси әзірлеп айналымға қосқан екі басылымды қолға түсіріп, парақтай бастағанымызда бірқатар тың, құнды деректерге қанықтық. Енді осы бір  жаңалықтарды қалың көпшілікке жеткізіп, сүйіншілемекпіз.

Әл-Женди «Заллат әл-қари» қасидасына түсіндірмесінің соңында Бұрһан ад-дин Ахмад әл-Фарабидің туған қаласы ортағасырлық даңқты Фарабты:  «Фараб қаласы тап-таза, ауасы мұнтаздай, бау-бақшасы көп, алуан түрлі жан-жануарлар мен жемістері бар, әсіресе жүзім мен қарбызы мол, бұл екеуінің дәмділігі мен көптігі ешбір елде кездеспейді, түрлері мен сұрыптары да сансыз мол, жыл он екі ай үздіксіз болады. Қаланың ортасында өзендер ағып тұрады, суы – тұщы. Өзеннің екі жағасында ағаштар мен бақшалар өседі. Егер адам қаладан шығып төрт тараптың бірімен жүрсе, бір фарсах не одан да ұзақ алыстағанша, ағаш көлеңкесінде болады. Өзендерде балықтар бар, үйрек пен қаз секілді құстар асырайды, олардың көптігі сондай, тіпті тегін секілді. Бұл қала – әр сала шеберлерінің шоғырланған орны, әсіресе шариғат ілімінің (білгірлері), Құран жаттағандарының санында шек жоқ. Қала халқының шыншылдық және адалдықпен аты шыққан. Бүгінде қала жалпы халықтың тілімен Отырар деп аталады» деп тамсана көркем, әсерлі түрде суреттеумен бірге шаһардың өсіп-өркендеп, гүлденгені жайлы мәнді ақпараттар берген. Бұл – Қазақстандағы ежелгі тарихи қала Отырардың өткендегі байлығы шалқып, экономикасы шарықтаған, Ислам діні мен ғылымы дәуірлеген кезеңін көз алдымызға елестетуде, тарихи шынайы бейнесін қалпына келтіруде жәрдемдесетін бағалы, бұлтартпас дерек.

Ғалымның толық аты-жөні – Ахмад бин Әби Хафс бин Йусуф әл-Фараби. Лақап аты – Бұрһан ад-дин (Дін құжаты). «Бұрһан ад-дин» – Қарахан мемлекеті билігі тұсында Ислам ілімі ерекше дамыған Бұхара мен Самарқанның Ханафи мазһабындағы ғұламаларына берілген, кең таралған лақап.

Бұрһан ад-диннің туған жылы жайлы мәлімет жоқ. Жендидің айтуынша, оқымыстының әкесі де, атасы да – әл-Фараби ныспылы, нағыз фарабтық   тұрғындар. Бірақ оның бақилық болған мерзімі – һижра жыл санауымен «Заллат әр-қаридің» соңында «аяқтаған уақыты 570 жылдың шағбан айының ортасында» деп жырлағанына қарап, һижра бойынша 570 жылдан бері, яғни 1174 жылдан кейін деп шамаланады. Әл-Жендидің сөзіне қарағанда, Бұрһан ад-диннің туған шаһары Фарабтың Сопыханака махалласында (тұрағында) жерленген. Шыңғыс ханның жойқын соққысына бірінші ұшыраған Фараб шаһары екені белгілі. Басқыншылардың 1219 жылы бейбіт қаланы 6 ай қоршап, қақпасынан кірген соң тас-талқан етіп қиратқаны мәлім. Жоғарыда келтірілген әл-Жендидің шаһарды суреттеуінде осы шапқыншылыққа дейінгі жайқала гүлденген жағдайын баяндап отыр деп болжамдаймыз.