Ақтөбе: Шағбан айының құрметіне орай қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды 2508

Ақтөбе: Шағбан айының құрметіне орай қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды

21 ақпан 2023 213 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әли мен  облыстағы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарованың ұйымдастыруымен Шағбан айының құрметіне орай қайырымдылық акциясы өтті.

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында атқарылған игі шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қатысып, көп балалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі 25 отбасыға жарты тонна азық-түлік қоржынын табыстады.

Шара барысында облыстың Бас имамы мешітке келген жамағатты Қасиетті Рамазан айының келгенін сүйіншілейтін шарапаты мол Шағбан айының келуімен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ елді ізгілік пен мейірімділікке үндейтін жобаның өтуіне атсалысқан жомарт жандар мен кәсіпкер азаматтарға алғысын білдірді.

««Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған халықпыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті жұмысында қайырымдылыққа басымдық береді. Біз қашан да өз мүмкіндіктеріміз аясында азаматтарымызға көмек беруге дайынбыз.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтесе, Алла Тағала ол адамның қажетін өтейді»,-деген. Қиын сәтте қоғамдағы әрбір жанның көмегіне жарау – барша мұсылман баласының негізгі миссиясының бірі»,-деді Серікжан Еншібайұлы.
Ізгі шарада жан жылуын сезініп азық-түлік себеттерін алған отбасылар игі жобаға қолғабыс тигізген барша қайырымды жандарға шексіз ризашылықтарын жеткізді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі