Қалалық мешіттер арасында фиқһтан «Имам Әбу ханифа мектебі. Пайғамбар құлшылығы» атты сайыс өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында қала мешіттерінің жамағаты арасында фиқһ ілімінен интеллектуалды сайыс өтті.
Дода қасиетті Құран аяттарымен басталды. Алғы сөз сөйлеген мешіттің наиб имамы Ералы қари Құлмағамбетұлы «Пайғамбар құлшылығы. Хадиша ана өнегесі» тақырыбында насихат айтып, мұсылман өміріндегі көркем мінез бен шынайы құлшылықтың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова «Құлшылықтың жемісі – тақуалық» тақырыбында құлшылықтың адам тәрбиесіндегі орны мен тақуалыққа жетелейтін рухани мәнін кеңінен түсіндірді.
«Аталған сайыстың мақсаты – мешіт жамағаты арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту, діни білімді жетілдіру, мешіт дәрістерінде алған білімді қорытындылап, пысықтау» деді ұйымдастырушылар.
Сайысқа Ақтөбе қалалық орталық мешітінен «Таным» және «Кәусар» топтары, Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінен «Шырайлым» тобы, «Әзіреті Біләл» мешітінен «Ансарлар» тобы, «Досжан хазірет» мешітінен «Сәлсәбил» тобы, «Бақытжан» мешітінен «Ихсан» тобы және «Имани гүл» қыз-келіншектер клубынан «Захра» тобы қатысып, барлығы 8 топ өзара бақ сынады.
Қатысушылардың білімін саралаған қазылар алқасының құрамында Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова, республикалық діни сарапшы, РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы және Әл-Әзһар университеті, шариғат факультетінің түлегі, Ақтөбе медресе-колледжінің ұстазы Жания Самадинқызы болды.
Сайыс бес кезеңнен тұрды. «Зерек ой – жедел жауап», «Өмір және фиқһ шешімі», «Жасырынған құлшылық сыры», «Үкімін тап, орнын біл!» және «Білгірлер бәйгесі» кезеңдері бойынша қатысушылар білімдерін сынға салды.
Топтар намаз, дәрет, ғұсыл, таяммум, ораза, зекет және қажылық тақырыптары төңірегінде қойылған сұрақтарға жауап беріп, құлшылықтарға қатысты үкімдерді түсіндірді, түрлі жағдайдағы тапсырмаларды орындап, суреттермен жұмыс жасады.
Тартысты әрі тағылымды өткен сайыс қорытындысы бойынша:
І орынды Ақтөбе қалалық орталық мешітінің «Кәусар» тобы (20 000 теңге); ІІ орынды «Досжан хазірет» мешітінің «Сәлсәбил» тобы (15 000 теңге); ІІІ орынды «Бақытжан» мешітінің «Ихсан» тобы (10 000 теңгелік сертификат) иеленді. Өзге де қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Игі шара мешіт жамағаттарының арасындағы бауырмалдық пен ынтымақты арттырып, фиқһ ілімін терең меңгеруге серпін берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
























































