Ақтөбеде «Ұстаздан — ұлағат, анадан — өсиет» атты рухани кеш өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына арналған «Ұстаздан — ұлағат, анадан — өсиет» атты тағылымды рухани кеш өтті. Аталған шара Қарттар және Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылып, оған 55 адам қатысты.
Рухани кештің шымылдығы Құран Кәрім оқылуымен ашылды. Ақ жаулықты абзал аналар мен ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетіліп, шашу шашылып, ақ дастархан төріне шақырылды.
Шара барысында мешіттің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағамбетұлы «Қарияға құрмет – ұрпаққа міндет» тақырыбында Ислам дініндегі қариялардың мәртебесі мен оларға құрмет көрсетудің маңызын аяттар мен хадистер негізінде түсіндірді.
Сонымен қатар РАТТ мүшесі, мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова «Қарты бар елдің қазынасы бар» тақырыбында үлкенді сыйлау, ақ жаулықты аналардың отбасындағы және қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесі жайында ой бөлісті.
Кештің негізгі бөлімінде ақ жаулықты әжелер мен ұстаздарға арнайы сұрақтар ұсынылып, тағылымды сұхбат ұйымдастырылды. Көпті көрген, өмірден мол тәжірибе жинақтаған әжелер «Жанұя жарасымы», «Отбасы берекесі», «Келін мен ене», «Туыстық қатынас», «Ұрпақ тәрбиесі» тақырыптары аясында өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі буынға ақыл-кеңестерін жеткізді.
Ал ұстаздар қауымы «Құлшылық», «Құранға амал ету», «Уақыттың қадірі», «Білімнің маңызы» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Тағылымды сұхбатқа Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, РАТТ мүшесі, діни сарапшы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы, «Махаббат Нұрланұлы» мешітінің ұстазы Шолпан Қайыр, Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Жұлдыз Алдаберген қатысты.
Рухани кеш барысында мерекеге орай әжелер мен ұстаздарға арнайы құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Ақ жаулықты әжелерге ақ шәлі тарту етіліп, ұстаздарға шапан жабылды.
Кеш жүргізушілері Асылай Бисенбайқызы мен Сандыгүл Арманқызы тағылымды жыр жолдарын оқып, жамағатқа көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын мазмұнды ойындар ұйымдастырды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































