#Рамазан2026: «Шырайлым»: 200-ге жуық қыз-келіншекке ауызашар берді 6018

#Рамазан2026: «Шырайлым»: 200-ге жуық қыз-келіншекке ауызашар берді

03 наурыз 2026 28 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес «Әйел қыздар» секторының мұрындық болуымен, секторға қарасты «Шырайлым» қыз-келіншектер клубы «Zhazira hall» мейрамханасында 200-ге жуық қыз-келіншекке ауызашар берді.

Рамазан айының берекесі мен мейірімі сезілген бұл кеш ерекше рухани әсерге толы болды. Дін мен дәстүр сабақтасқан кеште шәкірттер тарапынан әсерлі өлеңдер оқылып, жүрек тебірентер тәрбиелік көріністер қойылды. Жас буынның имандылыққа, үлкенге құрметке үндейтін өнері көрермен көңілінен шығып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Тағылымды кеш барысында ұстаздардың қоғамдағы рухани тәрбие мен имандылықты насихаттаудағы еңбегі ерекше атап өтіп, дін жолында еңбек етіп жүрген ұстаздарға шынайы алғыс білдіріліп, арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар 28 баланы (жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған) қамқорлығына алған Жетесовтар отбасына құрмет көрсетілді. Сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Амангүл Жетесоваға батыр ананың мейірімі мен аналық жүрегі көпшілікке үлгі тұтарлық ізгі амал екенін айрықша атап, ризашылық белгісі ретінде иығына шапан жауып, балаларына «Рамазан қоржыны» сыйлықтарын табыстады.

Ақтөбелік айтыскер ақын Жұлдыз Қазихан кеш барысында инабатты қыздар мен ақ жаулықты әжелерге арнауын айтты. «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін орындады.

«Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» деген Алла Елшісінің( Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне амал етіп, қайырымдылыққа үлес қосып, жүрген кәсіпкер ханымдар арнайы марапатталып, ыстық ықыласқа бөленді.

Шара соңында қонақтардың орындауында «Асыл әжем» әні шырқалып, кештің шырайын одан әрі кіргізді. Жүректен шыққан әуезді ән жиналған көпшіліктің көңілін толқытып, әжелерге деген сағыныш пен құрмет сезімін тереңдете түсті. Ал ақ жаулықты әжелер ақ баталарын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олардың жүрекжарды тілектері мен ақ ниеті жиналған жамағатқа ерекше рухани қуат сыйлады.

Рухани кеш қортындысында «MUFTIYAT» баспасынан шыққан кітаптардың жаңа топтамасына арналған жәрмеңке өтті.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі