ӘДЕПСІЗ ӨСКЕН АДАМНАН, ТӘРТІППЕН ӨСКЕН ТАЛ ЖАҚСЫ 3776

ӘДЕПСІЗ ӨСКЕН АДАМНАН, ТӘРТІППЕН ӨСКЕН ТАЛ ЖАҚСЫ

02 қазан 2024 389 Оқу 1 минут

Ұлылар ұлағаты—рухани тәрбие бастауы

Тарих бетіндегі қандай халық не ұлт болмасын өзінің болмыс-сипатын лайламастан, тұнығын сақтаған қалпында мәңгі жасауды қалайды. сол үшін ұрпағын мейлінше ең тұнық һәм ең үздік деген тәрбие мектебінен тәлім алуды көздеп, аянбай еңбек қылады. сондай ұрпағымен мың жасауды қалаған ұлттардың бірі—өзіміздің қазақ халқы. асылында қазақ қоғамы «ағаш тамырымен мықты, адам ұрпағымен мықты» деп, тәрбие төңірегіндегі өзекті алғышарттарды сонау ертеден қалыптастырып, ұлттық болмысына сіңірген. тұрмыс-тіршілігіндегі қандай да болмасын салт-жоралғылары мен дәстүр-ғұрыптарының барлығын дерлік имани тәрбие көзіне негіздеген. іспен бірге сөздің өзін тәрбие құралына айналдырып, «айтушы ақылды болса,тыңдаушы дана болатынын» ескеріп, оны қоғам болып атқарған. яғни, өзімен бірге өмір сүрген ортадағы әр жанның жақсылыққа бет бұруына ерекше мән берген. бабалар ғұмырына көз жүгіртсек, отбасы «институтынан» өзге, қоғам өнегесінің де ықпалы зор екенін аңғара аламыз.

Бүгінде балам өзгелерден озық, дара тұлға болса деген ниетпен түрлі мамандардың есігін тоздырып жүрген ата-аналардың ұлттық болмысымыздан осы сауалдың жауабын іздемеуі өкінішті-ақ. аталған мәселенің шешімін табу үшін бабалар сара жолындағы ең өзекті дүниелерге көңіл бөлер болсақ, қоғамдағы жыртығымыздың біраз жері жамалар ма еді, бәлкім?!

Отан – отбасынан басталады

Отбасы «институты» елдің еңселі болуына ең ықпалды себеп. «ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» деп жанұяда адал,иманды, кісі хақысын терең түсінер жанның өсіп-жетілуі мемлекетті көркейтсе, керісінше арамза, керікартпа, өз қара басын өзгенің қалауынан артық қоятын адамның шығуы қоғамды кері кетірмек. тәрбие көзі-ошақ қасы болғандықтан, хәкім абай айтпақшы «өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды». демек, ең әуелі ата-ана өзін тәрбиелеуден бастап, бұл жолда бұрынғылардың «ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе» деген өнегесінен ой түймек керек деп ойлаймын.

Әдепсіз өскен адамнан,

тәртіппен өскен тал жақсы

Аталарымыздың тәрбие ізінде иманмен қатар жүретін әдеп екендігін халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі жоралғылардан көреміз. бүгінде соны көріп біліп қана қоймай, өзіміздің өмір заңдылықтарымызға еңгізсек бала өсіруде озық әдістемелерді көре алған болар едік.

Мысалы, xix ғасырдың іі жартысындағы қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін зерттеп, зерделеген Адольф Янушкевичтің « Қазақ даласына сапар туралы» жазбаларында қарапайым қазақ шаңырағындағы өнеге үлгісін : «…Дастархан мән-мәзірі дұғамен басталып, дұғамен аяқталады,»-деп отбасылық әдеп пен жүйенің дастархан басынынан қалыптасатынын көрсетеді. Сондай-ақ қарапайым асқа құрмет көрсетудегі «ақты төкпе!»,«нан қиқымын шашпа!»,«ысырап қылма!» деген секілді өзге де істердегі «үлкеннің алдын кеспе!»,«кішіге ізетті бол!»,«өзгенің хақысын жеме!» деп әр істегі адалдық пен адамгершілікті насихаттап отырсақ өзіміздің ойымызбен бірге тұлғамыз да өзгермек. Бұның барлығына ескіліктің сарқыншағы деп қарамай, халқымыздың ұрпақ өсірудегі сүтпен сіңген әдептің, сүйекпен кетер қарапайым әрі маңызды құндылығы деп білуіміз қажет. Фольклорист Әбубәкір Диваев өз зерттеулерінде: «Тұзды жерге төкпейді,неге десеңіз, әрқайсы тағамды шірін қылады. Тұзсыз тағам қандай болса да бимәзә болады,» -деп қазақ тұрмысындағы әдепке негізделген ырым-тыйымдарын келтіреді.Аталған тыйыдардың мәні туралы «Осындағы – адал, жақсы, сауап, алғыс – тыйым салынбағаны, ал арам, жаман, обал, күнә – тыйым салынып, рұқсат етілмегендерін меңзейді. Адал еңбек етіп, адал тағам жеу, жақсы сөйлеу, мәміледе мүләйім болу, сауап- ты іс істеу, Аллаһтың алғысын алу тәртіптілік деп есептеліп, ізгі адамдардың іс-әрекеті деп саналса, ал оның керісі жамандық. Сондықтан да арам іс-әрекет күнәға, былайша айтқанда тәртіп бұзушылыққа, қылмысқа алып барып соғады. Мұны жақсы түсінген ата-бабаларымыз ұрпақтарын арамнан сақтануға үндеп, оларға тыйым салған. Тыйым салынған іс- әрекеттерді жасаушыларды күнәкар, қылмыскер қатарына жатқызады» (С.Зиманов, Н. Өсеров, Қазақ әдет-ғұрпы заңдарына шариаттың әсері)-деп түсінгеніміз жөн. Өйткені, ұсақ әрекеттер ұлы істердің бастауы екенін ескерсек, қарапайым астың қадірін түсініп, қоғамға деген ізетті біліп өскен бала жетістікке жеткен сәтте де әр дүниенің байыбын жіті білмек.

Елін сүйген ер болар

 Баланың ел алғысына бөленген тұлға болып қалыптасуына бірден-бір себеп — Отанды, елді сүюге баулу. Бұл дегеніміз жай ғана тілмен «патриот» болу емес, өз елінің тау-тасынан бастап, әрбір қыбырлаған тірі жанына деген жанашырлық пен мейірім, терең махаббат сезімінін ұялатып өсіру. Осындай сезімді түйсініп өскен жанда ғана қоғамға деген өзгеше көзқарас сезіледі. Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз…». Демек, өз ұлтының болмысын, құндылықтары мен дүниетанымын жіті сіңіре алмаған пенде өзгелердің таңсық дүниелеріне әп-сәтте еріп, өз ортасына деген қамқорлықты ада етпек. Осы орайда, Қаныш Сәтпаевтің осы бір мағыналы сөзі көпке үлгі:  «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз?! Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат, бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпас,». Иә, елге деген зор сүйіспеншіліктің нәтижесінде, осындай тау тұлғалар өткен еді кезінде. Бізде осы заңғарларды өзімізге үлгі етсек, олардың ұлтқа деген махаббатын қайталай алсақ, тарих бетінде аты қалар ұрпақ қалыптастыра аларымыз анық.

Жалпы, ізгі ұрпақ мәселесінде толғандырар әрі бабаларымыздан түйер өнегелер жетерлік. Оны бір-екі әдіспен немесе сөзбен түйсіне салу оңай емес. Себебі, оны қабылдар ой мен жүрек керек. Ғасырға жуық отарлау саясатының нәтижесінде бүгінгі біздің санамыз нағыз қазақы дүниетаныммен қалыптасып, өнуде деп айта алмаймыз. Соның салдарынан да әлгі күнге дейін ата-бабаларымыздың мұралары мен даналық сөздерін өз деңгейінде түсіне алмай, «шала» таныммен қорытудамыз. Десек те, кейінгі бала-шағамызға мейлінше қазақы рухты, ұлттық сипатымызды жеткізу һәм сіңіру арқылы қазақ деген халықтың жер бетінен өз қалпын таза сақтаған күйі жойылмауына себеп болмақпыз. Лайым солай болуы нәсіп болғай!

Қазаққа қазақтан артық үлгі жоқ екендігін ұғынсақ, бабалар аңсаған ұрпақ боларымыз хақ!


Айгерім Есберген

«Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті 

университетінің 4-курс студенті