Ақтөбеде «Сүннетпен сәулеленген ғұмыр» атты поэзия кеші өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің әйел-қыздар бөлімінде мешіт ұстазы Анар Қойшығұлованың бастамасымен Мәуліт айына орай «Сүннетпен сәулеленген ғұмыр» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.
Шара Құран аяттарын оқумен басталып, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағамбетұлы жамағатқа «Пайғамбарымыздың өзгелерден ерек 10 ерекшелігі» тақырыбында насихат айтты.
Іс-шара барысында ұстаз Анар Қойшығұлова «Пайғамбар өсиеті мен сүннетті ұстанудағы ықылас, көркем мінездің бүгінгі көрінісі» тақырыбында ардақты Елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін күнделікті тұрмыста үлгі етудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар ақын шәкірттер Арман Бердалиннің «Жаратылыстың жауһары» атты кітабындағы өлеңдер мен «Пайғамбарға арнау», «Пайғамбарға сағыныш» атты өлеңдер оқылып, Мәуліт айының рухани мәні жыр жолдары арқылы жеткізілді.
Кеш барысында сира ілімінен түрлі сұрақ-жауап, танымдық ойындар мен тапсырмалар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Шараның құрметті қонақтары – Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, «Шәріп Молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап, «Досжан Хазіреті» мешітінің ұстазы Светлана Дүйсенбайқызы және «Нұрлан Махаббатұлы» мешітінің ұстазы Шолпан Қайыр Мәуліт айына орай ізгі тілектерін білдірді.
Руханиятты байытуға арналған шара қортындысында жамағат назарына «Пайғамбарымыздың ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті тағамдары» атты тағылымдық көрме ұсынылып, қатысушылар көрмедегі тағамдардан дәм татты.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




















































