Ақтөбе: 4 мыңға жуық отбасыға 25 тоннадан астам ет үлестіріліп,  көмек көрсетілді 1913

Ақтөбе: 4 мыңға жуық отбасыға 25 тоннадан астам ет үлестіріліп, көмек көрсетілді

11 шілде 2022 298 Оқу 1 минут

Бүгін, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы бастаған имамдардың ұйымдастыруымен іске асып жатқан «QURBAN-2022» онлайн қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы өкілдігі бойынша 50 іс-шара өтіп, 653 уақ мал (қой, тоқты, ешкі), 81 ірі қара (сиыр) және 1 түйе құрбандыққа шалынып, 3761 отбасыға 25 тонна 572 кг құрбандық еті таратылып, көмек көрсетілді.

Бұл көрсеткіш Құрбан айттың үш күнінде офлайн және онлайн яғни Qurban2022.kz веб сайты арқылы жүзеге асты. Яғни, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізілді.

Құрбандық етін қуана қабыл алған қала тұрғындары да онлайн және офлайн қайырымдылық шарасын ұйымдастырғандарға Алланың разылығы мен сауабын тіледі.

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «(Құрбандық етін) Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер» («Хаж» сүресі, 28-аят) деп айтқандай, шарапаты мол айт күндері ашыққанның қарнын тойдырып, көңілдерге қуаныш сыйлауға үлес қосқан жергілікті билік пен Ақтөбе облысы мешіттерінің діни қызметкерлері мен еріктілер тобына, жанашыр жамағат пен жомарт жандарға үлкен алғыс білдіреміз.

Жаратқан Жаппар Хақ ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі