Ақтөбе: «Қош келдің,  берекелі қос мереке!»  атты рухани кеш ұйымдастырылды 2577

Ақтөбе: «Қош келдің, берекелі қос мереке!» атты рухани кеш ұйымдастырылды

25 наурыз 2023 299 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе бойынша өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен  қасиетті «Қош келдің, берекелі қос мереке!" атты рухани кеш өтті.

Аталған ізгі шара Қасиетті Құран Кәрімнің жүрегі «Ясин» сүресің аяттарын о дүниелік болған «Әжелер» мектебінің белсенді мұшелеріне бағыштап, еске алумен шымылдығы ашылған іс-шара әжелер сайысымен жалғасын тапты.

Жарысқа ат терлетіп келген облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінен: Алуа Абдоллақызы, Гулбаршын Жандуллақызы, Марияш Шүрекбайқызы, ал қаладағы «Досжан Хазрет» мешітінен: Роза Асылбеккызы, Алтыншаш Сембайкызы, Күләш Кеңескызы және «Бақытжан» мешітінен: Кермақас Күселбайқызы, Сания Ақжарылқап, Жария Биғазықызы сайысқа қатысып, бақтары мен баптарын сынады.

Ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, келер ұрпаққа үлгі өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды.

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген қанатты сөзін ескере отыра сайыстың І кезеңде әжелер өз руын, ата-тегін, түскен елін, өрбітіп отырған ұрпақтары жайлы жыр жолдарымен айтып өтті. ІІ кезеңде топтық өнер көрсету талабына сай әжелеріміз қазақы ауыл, ағаш үйдің ішінде бірі – бесік тербетіп, әлдиін айтса, енді бірі – немересіне «Пайғамбарлар қиссасын», «Ерлік дастандарын» айтып әдемі көрініс көрсетті. Сонымен қатар келесі бір әжеміз болса, ақ дастархан басында қол жайып жиылған көпшілікке ақ батасын берді.

Әжелер мектебі – қазақ даласында даналықтың үлгісі болған. Ұрпағының тәрбиесіне үлкен мән берген халқымыз бесік жыры, батырлар жыры, аңыз-ертегілері арқылы ұрпағына имандылықты, ізгілікті, адамгершілікті, ұлтжандылықты сіңіріп отырды емес пе?! Бұл байқаудың да алға қойған мақсаты осы болған. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас аналарға өз өнегелерімен тәлім-тәрбие көрсету.

Соңғы кезеңде әжелеріміз Наурыз мерекесіне арнап ұмытылып бара жатқан ұлттық ас мәзірін әзірлеп, жасалу жолдарын түсіндіріп өтті.

Ұстаздар мен әжелерден тұратын әділқазы алқалары әжелеріміздің әзірліктеріне тиісті бағаларын беріп өтті. Әр әжемізден алар үлгі-өнегені атай отыра, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті әжелеріне «Тағылымы мол әжелер» номинациясын, «Бақытжан» мешіті әжелеріне «Өнегелі әжелер» номинациясын, ал «Досжан Хазірет» мешіті әжелері –«Тәлімі мол әжелер» номинациясымен марапатталып, естелікке ұлттық нақыштағы ас үй бұйымдары тарту етілді.

Сондай-ақ осы кештің ұйымдастырушылары әрі жүргізушілері “Ақтөбе әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен «Бақытжан» мешітінің ұстазы Қойшығұлова Анар «Шарапатты Шағбан сүйіншілейді» марафоны аясында өткен «Алланың 99 есімінен” «жасырынған ұяшықтар» арқылы сұрақ-жауаптар өткізіп, белсенді қатысушыларға сыйлыққа «Дін мен дәстүр» кітаптары сыйланды.

Одан өзге кеш қонағы боп шақырылған жез таңдай әнші Бағдагүл Балдыбайқызы әуелетіп «Халқым-ай», «Қазақтың дәстүрлері» атты әнін шырқады.

Шара соңында әділ төрелік еткен әділқазы алқасына да бағалы сыйлықтар тапсырылып, алғыс айтылды.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі