Ақтөбеде «Елін сүйген жастар» рухани басқосуы өтті 6767

Ақтөбеде «Елін сүйген жастар» рухани басқосуы өтті

30 қазан 2026 40 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты «Әл-Ләтиф» мешітінде «Елін сүйген жастар» тақырыбында рухани басқосу ұйымдастырылды.

Жастарды отансүйгіштікке және бірлікке баулуды мақсат еткен бұл шараға Қурайлы мешітінің бас имамы Руслан Сатемірұлы мен мешіт жамағаты арнайы шақырылып, бауырластық пен ынтымақты нығайту мақсатында берекелі дастархан жайылды.

Жиын барысында «Әл-Ләтиф» мешітінің бас имамы Рүстембек Аманғосұлы Отанды сүю және туған Отанға адал қызмет етудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің, соның ішінде көк Тудың қадір-қасиетін түсіндіріп, оны құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.

Ал Қурайлы мешітінің бас имамы туған елдің қадірі мен ата-ананы құрметтеу тақырыбында уағыз-насихат айтты. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен ата-анаға деген құрмет адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі екенін алға тартқан ол, жамағатты ізгілікке, бірлікке және адамгершілікке үндеді.

Кездесу соңында «Әл-Ләтиф» мешітінің бас имамы жамағатқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын таратып, елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен отансүйгіштіктің символын әрдайым қастерлеуге шақырды.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі