Ақтөбеде деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған семинар өтті
Ақтөбе қаласында діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау және имамдардың ақпараттық-түсіндіру топтарындағы (АТТ) әлеуетін арттыру мақсатында өңірдегі қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары мен дін мамандарының қатысуымен әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында бүгінгі таңдағы діни ахуал, ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың арбау әдістері және халық арасында ағартушылық жұмыстарды тиімді жүргізудің жаңа тәсілдері жан-жақты талқыланды.
Шарада деструктивті ағымдардың пайда болу себептері мен олардың қоғамға тигізетін қауіп-қатерлеріне тоқталған Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев Әбу Ханифа мазһабы мен Матуриди ақидасын кеңінен насихаттау жат идеологияларға қарсы тұрудың ең басты қалқаны екенін атап өтті.
Қазіргі таңда ақпараттық майданның қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек еткен наиб имам өз сөзінде имамның тек мешітте намаз оқытушы ғана емес, қоғамның рухани бағдаршамы мен халықтың ақылшысы екенін, сондай-ақ жат ағымдардың құрығына түспеу үшін әрбір азаматпен, әсіресе жастармен жекелей жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
Семинар соңында қатысушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ширату және әлеуметтік желілерде сауатты діни контент қалыптастыру бойынша нақты әдістемелік ұсынымдар берілді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі







































