Ақтөбеде Республика күніне орай «Отанды сүю — иманнан» атты рухани-танымдық сайыс өтті
Ұлттық мереке Республикасы күніне орай ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында «Отанды сүю – иманнан» атты рухани-танымдық сайыс өтті.
Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттерінен құралған «Қыран» және «Алаш» топтары бақ сынасқан дода еліміздің тарихы мен мәдениетін терең ұғынуға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Шара барысында қатысушылар келесідей үш маңызды кезең бойынша сынға түсті:
«Қазақстан — Атамекен, құт қонған жер» — еліміздің шежіресі мен тарихына арналған викториналық сұрақтар;
«Сүннет — салтымыз, хадис — ғұрпымыз» — дін мен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын мақал-мәтелдер жарысы;
«Даналық қоржыны» — халық даналығы мен танымдық сұрақтар кезеңі.
Тартысты өткен білім додасының қорытындысы бойынша барлық кезеңнен мүдірмей өткен «Қыран» тобы бас жүлдені иеленіп, сайыс жеңімпазы атанды. Шара соңында белсенділік танытқан барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты — әйел жамағаты арасындағы бірлік пен татулықты нығайту, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру және халық даналығы мен ұлттық мұраны ұлықтау.
Мерекелік кездесу соңында ақ жаулықты әжелер елдің амандығы мен тыныштығы, әр шаңырақтың берекесі мен болашақ ұрпақтың игілігі үшін арнайы дұға жасап, қатысушыларға өздерінің ізгі тілектерін білдірді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі








































