«Имам Науауидің 40 хадис» жинағы аясында білім сайысы өтті
Ақтөбе қаласындағы «Әзіреті Біләл» мешітінде шәкірттердің діни білімін арттыру, асыл мұраларымызды тереңірек таныту және хадис ілімін насихаттау мақсатында Имам Науауидің «40 хадис» жинағы бойынша білім сайысы ұйымдастырылды.
Рухани іс-шараның шымылдығын ашқан мешіттің бас имамы Нұрлыбек Такеев қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, Исламдағы білім алудың маңызы мен алған ілімді амалға асырудың қажеттілігіне тоқталды.
Сайыс аясында мешіт ұстазы Жазира Айбекқызы Имам Науауидің ғибратты өмірі мен ғылыми мұрасы туралы кеңінен мағлұмат беріп, ұлы ғұламаның ислам іліміндегі өшпес орны мен еңбектерінің құндылығын атап өтті.
Шәкірттердің білім деңгейін сараптаған дода негізгі үш кезеңнен тұрды. Сайыс барысында қатысушылар хадистердің мән-мағынасын терең түсіну және оларды жатқа айту, есте сақтау қабілеттері бойынша өзара сынға түсті.
Білім додасына қатысқан мешіт шәкірттері жоғары ынта-жігер танытып, өзара тәжірибе алмасумен қатар, рухани тұрғыдан үлкен тағылым алды. Шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар марапатталды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі





































