Ақтөбеде «Бата беріп үйрену» үйірмесі ашылды 6286

Ақтөбеде «Бата беріп үйрену» үйірмесі ашылды

16 сәуір 2026 72 Оқу 1 минут

ҚМДБ жұмыс бағыттарының бірі «Дәстүр және отбасы» бағыты. Жыл сайын ҚМДБ бастамасымен еліміз бойынша республикалық деңгейде және әр облыста облыстық деңгейде ақсақалдар арасында бата беру байқауы өтіп келе жатыр.
 Ақтөбе қалалық және облыстық ақсақалдар арасында бата сайысының жеңімпазы, әрі Республикалық сайыстың жүлдегері, Бопай Ханым атындағы жоғары медициналық колледжінің оқытушысы, Ақтөбе облысы «Қазақ билер ақылдасу алқасы» қоғамдық бірлестігінің биі Нұрлан Ізденұлы Есенғазының бастамасымен «Бата беріп үйрену» үйірмесі ашылды.

Ашылу салтанатына ақсақалдар, дін қызметкерлері және ҚМДБ «Мұнара» тв телеарнасының қызметкерлері қатысты.

Алғы сөзді бастаған Нұрлан Ізденұлы бата берудің қазақ дәстүріндегі орны мен діндегі маңызына тоқталды. Бата берудің түрлеріне тоқталып, қазақтың байырғы дәстүрлерінің атауларының мағыналарын түсіндірді. Орталықтың алдағы атқаратын жұмыс жоспарын айтып, үйірменің мақсатына егжей-тегжейлі баяндады.

Сондай-ақ жиын барысында бата берудің әдептері мен қағидалары түсіндіріліп, дұрыс әрі мазмұнды бата жасаудың үлгілері көрсетілді. Қатысушыларға түрлі жағдайларға арналған (той, сапар, дастарқан, игі іс бастау) бата түрлері таныстырылып, тәжірибелік түрде үйрету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жас буынға ұлттық құндылықтарды насихаттау, сөз мәдениетін қалыптастыру және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді тәрбиелік бағыттар да қамтылатыны айтылды.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінен арнайы барған наиб имам Нұрбол Смағұлов бата сөзінің Құранның алғашқы сүресінің атауы «Фатиха» сөзінен шыққанын айтып, қоғамдағы бата беретін ағалардың сиреп қалғанын келтірді. Бата беру үйірмесінің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, жастардың бата беру мәдениеті мен қасиетін ұмытып бара жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар әртүрлі жиындардағы бата беру үлгісін сынға алып, ақсақалдарды осы істі бірізділікке қоюға атсалысуға шақырды.

Жиын соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар ҚМДБ-ның «Мұнара ТВ» телеарнасына сұхбат беріп, аталған үйірменің еліміз бойынша ашылған алғашқы орталық екенін жеткізді.

Бата беруді үйренемін деген кісілерге 25 жастан жоғары жастағы кез-келген азаматқа бата үйірмесі аптасына бір мәрте сәрсенбі күні сағат 15:00-ден бастап тегін қызмет жасайтын болады.