Жастар үлкенге құрмет көрсетті 3331

Жастар үлкенге құрмет көрсетті

08 сәуір 2024 248 Оқу 1 минут

Ежелден келе жатқан ата-бабамыздың маңызды қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Салт-дәстүріміздегі ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген.

Дінімізде де үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істеген әрбір игі іспен де жүзеге асады.

Қасиетті Рамазан айының мол сауабын еселеу мақсатында Ақтөбе облысы «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары тәрбиелік мәнісі зор кездесу ұйымдастырды.

Қаламыздың оқу орындарында білім алып, жатақханада жатқан студенттермен «Нұр Ғасыр» мешітінің қадірлі қариясы Оразымбетов Ықылас атаның берекелі шаңырағына сый-сыяпаттарын алып, ұстаздар сәлем бере барды.

Құшағын кеңінен жая қарсы алған алтын алқалы ана Әуезова Бибіхан әжей ауызашар дастарханынан дәм татқызды. Тамыры тереңге жайылған шаңырақ иелері қиын да қызықты жастық шақтары мен елу жылдық отбасылық өмірлері туралы қызықты әңгіме өрбітті. Жастар өз кезегінде Ықылас ата мен Бибіхан әжеге жұбайлық өмірдің қыр-сыры туралы сұрақтар қойып, үлкендердің өнегелі өмірлерінен сабақ алды. Ежелден келе жатқан «үлкенге сәлем бере бару» дәстүрміз жастарға оң әсер беріп, өнегелі әке, алтын құрсақты анадан тік тұрып бата алды.