Ақтөбе: «Әзіреті Біләл» (р.а) мешіті ашылды (ФОТО) 2004

Ақтөбе: «Әзіреті Біләл» (р.а) мешіті ашылды (ФОТО)

26 тамыз 2022 372 Оқу 1 минут

Бүгін қасиетті жұма күні Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 ықшам ауданында «Әзіреті Біләл» (р.а) атты жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбекұлы, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, имамдар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері т.б қатысты.

Аталған мешіттің қазығы 2019 жылдың 28 сәуірде қағылды. Тиянақты жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 1200 адамға арналған имандылық үйі сәтті аяқталды.

Мешіттің жері мен ғимараты толықтай ҚМДБ балансына рәсімделіп, филиал болып тіркелді.

Салтанатты шара облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имам Бекжан қари Әлденовтың Құран оқуымен ашылып, облыстың Бас имамы батасын жасады.

Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.

Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы: «Құрметті ақтөбеліктер, ізгілер мен құрметті жақсылар, бүгінгі жер бетіндегі ең қасиетті ең таза мекен Алланың үйінің ашылуы баршаңызға құтты болсын! Осы мешіт ел халыққа игілік сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала жазсын!

Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», – деп айтқан Сондай-ақ Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген (имам Бұхари, Муслим)»-дей келе, аталған ғибадат үйінің салуына демеушілік танытқан Айбек Қаныбайұлы мен Әмірбек Тоғайбайұлына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар Бас имам Серікжан Еншібайұлы өз құттықтауында: «Әзіреті Біләл» (р.а) мешітінің ашылуына келген барша қауым! Мешітіміз құтты болсын! Әр уақытта елдің игілігіне, ұрпағымыздың иманды, салиқалы болуына қызмет ететін жамағаттары көп мешіттердің бірі атануына тілектеспіз.

Мешіт – жер бетіндегі имандылық үйі. Жақсылықтың жаршысы. Қайырымды істердің ошағы. Ал «Әзіреті Біләл» (р.а) мешіті осынау игіліктердің бастауы болғай деп тілейміз. Хадисте: «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», - делінген.

Бүгін ең жақсы орнына айналатын Ақжар-2 ықшам ауданында мешіт ашылды. Сартай ауылы мен Ақжар-2 ықшам ауданы жамағатының арманы орындалды. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Тұрғындарға осындай сый жасаған Айбек бауырымызға және басқада осы мешітке атсалысқан бауырларымызға Алла разы болсын деп ерекше алғыс білдіреміз», - деп ризашылығын жеткізді.

Одан өзге құрметті қонақтардың бірі, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев: Құрметті жамағат! Салтанатты рәсімге жиналған қауым!

Бүгін қасиетті жұма күні, сонымен қатар еліміздің Ата Заңы Конституция күні қарсаңында Ақтөбемізде бой көтеріп отырған «Әзіреті Біләл» мешітінің ашылуымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын!

Жалпы, қай мемлекет болмасын – рухани құндылықсыз өмір сүре алмайтыны анық. Ал біздің еліміз үшін ұлттың иманын ұйытып, рухани байытатын жері – мешіт. Егемендік алған кезден бастап еліміз қайтадан имандылыққа бойлап, ата дінімізді ұлықтауға мүмкіндіктер туды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап облысымыздың бірқатар елді мекендерінде мешіттер салынып, көбейіп келеді. Алғашқы жылдары облысымызда 20-ға жуық мешіттер болса, қазіргі таңда олардың саны 68-ге дейін жетіп отыр. Ал «Әзіреті Біләл» мешіті облысымыздағы 69-шы мешіті. Сондай-ақ бұдан бөлек, тағы 8 мешіт бой көтеруде. Бұл дегеніміз – облыс тұрғындарының имандылыққа терең бойлап, асыл дінімізге кеңінен бет бұрғанның белгісі. Осы орайда Ақжар ауылының тұрғындарын осы маңызды оқиғамен тағы да құттықтағым келеді.

Жаңа мешіт жергілікті тұрғындардың игілігіне жұмыс істеп, имандылыққа бет бұрған ағайынға қызмет ететіні сөзсіз. Ләйім Алла Тағала халқымыздың тыныштығы мен татулығынан, бірлігі мен берекелі тірлігінен айырмасын деп тілейік!»,-деп ақ жарма тілегін айтты.

Одан өзге мешіт салған демеушілердің атынан Айбек Қаныбайұлы отбасы мен бауырларына, игі бастамаға қолдау білдірген жандарға алғыс білдірсе, тұрғындар атынан демеушінің иығына жапан жапты.

Шара қортындысында Серікжан Еншібайұлы жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген ниетте мешітте арнайы алдырған хадияны тарту етті.


Мешіттің қысқаша сипаттамасы:

Жер көлемі: 44 соттық

Жалпы аумағы – 00,44 га

Мешіттің көлемі – 900 шаршы метр.

Мешіттің 22 метрлік 2 мұнара бар.

Сыйымдылығы: 1200 адам

Басталған жылы: 28 сәуір, 2019 жыл

Ашылды: 26 тамыз, 2022 жыл

Мекен жайы: Ақжар-2 ықшам ауданы, Райымбек көшесі– 1 үй.

Мешіт 2 қабаттан тұрады. 1 қабатта үлкен зал 800 адамды намазхана, имамның, әйелдердің бөлмесі, Құран оқитын орын бар. 2 қабатта 400 адамдық зал яғни намазхана, 2 дәрісхана орналасқан.

Мешіттің тағы бір ерекшелігі: барлық жерінен үлкен зал көрініп, ести алатын аккустикамен жабдықталған. (жарық өшкен кезде барлық адам бірін-бірі көріп, ести алады, жұма намазы кезінде барлық адам көрініп тұрады т.б) Сондай-ақ мешіттің үлкен залының ортасында 18х18 құрма ағашының макеті жасалған.

Мешіт ауласында имамның 2 бөлмелі үйі бар. 300 адамға ас беретін асхана салынып жатыр.

Сыртқы аумағы толықтай қоршалған. Бұл мешіт облыстағы 68-ші және қала аумағындағы 12-ші мешіт болып тіркеліп отыр.


Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі