#Құрбанайт2026 : Ақтөбеде Құрбан айтқа байланысты баспасөз мәслихаты өтті
Бүгін Ақтөбе қаласында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Құрбан айтта арнайы құрбан шалу орындарын белгілеу туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтіп, оған РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев пен «Сүлеймен ата» мешітінің бас имамы Ақылбек Ударкулов, Ақтөбе облысы ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Әлібек Бақтияров және БАҚ өкілдері қатысты.
Ақпараттық жиын барысында Құрбан айтқа дайындық жұмыстары турасында баяндаған облыстық мешіттің наиб имамы Жексенбай Торбаев 26 мамыр – Арапа күні, Құрбан айт мерекенің 27-29 мамыр аралығында атап өтілетіндігін айтты. Құрбан айт намазының уақыты таңертеңгі сағат 06.30-ға белгіленгендігін хабарлап, мереке күндері өтетен діни рәсімдердің жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ бұл күнгі ерекше құлшылық – құрбан шалу рәсімінің арнайы белгіленген орындарда өткізілетіндігін ескерте отырып, мерекелік намазға дейінгі шалынған мал еті құрбандық болып саналмайтындығын еске салды.
Баспасөз жиынында Құрбан айтқа қатысты осы және өзге де мәліметтер қамтылып, «Сүлеймен ата» мешітінің бас имамы Ақылбек Урдакулов .орыс тілінде жауап берді.
РАНТ мүшесі ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне ақтөбеліктерді қолдауға шақырды.
- Кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсыну;
- Күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасау;
- Ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізу.
- Құрбан шалу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу
Ақтөбе облысы өкілдігінде «Qurban 2026» дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында дін қызметкерлерінен арнайы штаб құрылды.
Құрбандық шалу рәсімі бекітілген орындарда ғана ұйымдастырылады.
Ақтөбе қаласында құрбандық шалынатын орын:
АӨК «Айбек»- 41 разъезд 06
ЖШС «Дала ел»- Учетный квартал 178, участок 14
ЖШС «Кайрат 2024»- Жанақоныс 640
ҚМДБ биыл құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Халыққа, жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе, ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі. Сайтқа сілтеме: https://qurban.muftyat.kz/
qurban.muftyat.kz сайты арқылы қабылданған құрбандық тапсырысы арнайы бекітілген мекен-жайда сойылып, бөлшектеліп әрі пакетттелген соң, сайтқа өтініш білдірген және оффлайн қабылданған тізімдер бойынша «Құрбан айт – қайырымдылық көпірі» атты акция аясында еріктілердің көмегімен мұқтаждардың үйіне тегін жеткізіледі.
Мал соятын орында тәртіп сақшылары, жедел жәрдем қызметі және басқа да қызметкерлер болады. Барлық қызмет санитарлық талаптарға сай орындалады. Аталған орындарда мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады.
Аталған орындарда қызмет ететін қасапшыларға ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің өкілдіктегі мамандары арнайы семинарлар ұйымдастырылып, малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық нормаларды сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қасапшыларға арнайы рұқсат қағаздары табысталды.
«Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында игі іс-шаралар өтеді. Атап айтсақ, облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Оңалту орталығындағы балаларға, қарттар үйі мен балалар үйіне айттықтар беріледі. #АйттағыЖақсылық хэштегімен айт шаралары әлеуметтік желіде де және ресми өкілдіктің nurgasyr.kz сайтында жарияланады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі












































