Ақтөбе мешіттері мыңға жуық оқушыны мектепке дайындады (ФОТО) 2002

Ақтөбе мешіттері мыңға жуық оқушыны мектепке дайындады (ФОТО)

26 тамыз 2022 268 Оқу 1 минут

Бүгін, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысындағы өкілдігі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізіп, оған ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қатысып, 926 оқушыға сөмке мен мектеп құралдарын табыстады.

Жаңа оқу жылының қарсаңына орай ұйымдастырылған бұл дәстүрлі игі шараға облыстық, қалалық, қала, ауыл аудан мешіттері де үлесін қосты.

Мақсат – әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі т.б санаттағы оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету.

Ардақ Нүсіпханұлы: Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят), – деп баяндайды. Ендеше, жақсылыққа жаршы болып, осындай акцияларға үлес қосуға шақырамын», -деп қайырымдылық акциясының маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы бүгінгі өскелең ұрпақ – болашақ бастауы екендігін айтып, дәстүрлі түрде өтетін мектеп оқушыларына қолдау ретіндегі шараның негізгі мақсатын атап өтті.

Сонымен қатар білім алудың дініміздегі орны мен сауабы жайлы айта келіп, имам қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға ризашылықтарын білдіріп, кәсіптеріне береке тіледі.

Одан өзге игі шара барысында Серікжан Еншібайұлы мен Ардақ Нүсіпханұлы және ата-аналар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Айта кетсек, аталған қайырымдылық акциясы 7 773 800 теңге жасалды.

Ал шара қортындысында ата-аналар: «Оқу жылы басталғанда отбасымыздағы 5-6 баланы киіндіріп, қажетті заттармен қамтамасыз етіп, мектепке дайындау мынандай қымбатшылық уақытында бізге аса ауыр. Осындай мешіт жанынан ұйымдастырылатын ізгі шаралар қашанда біздің жанымызға медеу болады. Сіздерге Алла разы болсын!» -деп қайырымдылық акциясын ұйымдастырған Ақтөбе облыстық өкілдігіне қарасты барша мешіт қызметкерлері мен демеушілік көрсетіп, ізгі шараға бір ауыздан ат салысқан барлық жомарт жандарға өз алғыстарын айтты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі