Ақтөбе: «Әйел-қыздар» секторының қызметі қайта жанданды 520

Ақтөбе: «Әйел-қыздар» секторының қызметі қайта жанданды

15 ақпан 2021 464 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы «Әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының» жетекшісі Айнұр Мырзабаеваның ұйытқы болуымен ақ жаулықты әжелер мен ару-аналардың басын қосқан игілікті шара өтіп, «Әйел-қыздар секторының қызметі қайтадан жанданды. Аталмыш жиынға ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова және басқа да әйел ұстаздар арнайы шақырылып, төрден орын алды.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы басқосуды Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Айнұр Сапаралықызы ашып, «Әйел-қыздар» секторының былтырғы жұмыс қорытындысымен қысқаша таныстырды. 2020 жылы Ақтөбе қаласындағы мешіттерде бірнеше ауқымды іс-шара өткізілді. «Ата салтым – асыл мұрам» атты салт-дәстүрге негізделген танымдық кештен бастап, мешіт жанындағы әйелдер діни сауат ашу курсының шәкірттері үшін «Жұма намазына» арналған ашық сабақ және тағы басқа іс-шаралар нәзік жандылардың ықыласты қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Бұдан кейін сөз алған ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысындағы жауапты өкілі Кенжегүл Қошқарова ару-аналарға ең ізгі лебізін арнады. Мешіттердің әйел жамағатын ауызбіршілікке шақырып, әсіресе, өмір тәжірибесі мол қазыналы қарияларымызды түрлі тақырыптық іс-шараларға белсенді түрде атсалысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге үндеді.

Ақ жаулықты әжелеріміз бен ару аналарымыздың мазмұн-мағыналы әңгімесі әрі қарай кең жайылған берекелі дастархан басында арналы жалғасын тапты.

Сонымен, «Әйел-қыздар» секторының бұл жиынында жаңа жоба-жоспарлар ортаға салынып, атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Алдағы уақытта діни дәрістер жүргізумен бірге, қайырымдылық және спорттық іс-шараларын ұйымдастыру көзделуде. Ең бастысы, ұмытылып бара жатқан төл салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, ару-аналарымыздың ұлттық руханият қайнарынан сусындауына айрықша мән берілмек. Айталық, замана талабына сай ұлттық киімдерімізді тек мерекелерде ғана киюмен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналдыру хақында тың ой қозғалды.

Мазмұн-мағыналы өткен жиын соңында үлкендер ұстаздарға алғысын айтып, баталарын берді.

Ақтөбелік әйел жамағатының ізгі ниеті мен игілікті істеріне сәттілік тілейміз!


Г.Төрединқызы, 

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Баспасөз хатшысы