Ақтөбе: XV республикалық Құран жарысының жеңімпаздары анықталды (ФОТО)
Бүгін Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХV республикалық байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
20 өңірден 9 жас пен 30 жас аралығында қатысқан 80 үміткер қатысқан байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қариларды марапаттау рәсімінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Екі күн бойы Ақтөбе төрінде Құранның үні қалықтап, еліміздің әр өңірінен келген қарилар қасиетті кітапқа деген құрметін, білімін, жаттау қабілеті мен оқу шеберлігін көрсетті. Бұл жай ғана байқау емес.
Бұл – Құранға деген құрметтің мерекесі, ұстаз еңбегінің жемісі. Ата-ана тәрбиесінің көрінісі. Жастардың рухани ізденісінің айғағы. Ең бастысы бұл басқосу елімізде Құранды жаттайтын, оны оқып қана қоймай, мағынасын түсінуге және тағылымын өміріне арқау етуге ұмтылатын жас буынның өсіп келе жатқанын көрсетті.
Бұл байқауда тек жүлде алғандар ғана жеңіске жеткен жоқ. Құран үшін жол жүріп келген әрбір қатысушы – жеңімпаз. Күн сайын Құран жаттауға уақыт бөлген шәкірт – жеңімпаз. Баласына Құран үйретуге жағдай жасаған ата-ана – жеңімпаз. Шәкіртінің әрбір әрпін түзеп, әрбір сүресін тыңдаған ұстаз – жеңімпаз. Себебі Құран жолындағы ең үлкен жеңіс – Алланың разылығына ұмтылу. Қасиетті Құранның шарапаты баршамызға жаусын!» – деді.
Бас мүфти XV рет өткен Құран байқауын ұйымдастырушы мүфтият қызметкерлеріне, Ақтөбе облысының имамдары мен дін қызметкерлеріне, әділ бағасын берген әділқазы мүшелеріне алғысын жеткізді. Сонымен қатар сауапты іс-шараның бас демеушісі, асыл дініміздің жанашыры Аблазимов Бахаридин Нұғманұлына тағы да айрықша алғысын білдірді.
Әділқазылар құрамында ҚМДБ «Құран» секторының жетекшісі, республикалық «Нұрсұлтан» мешітінің наиб имамы Серік қари Ахмет, Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар қари Садырханов, Астана қаласындағы «Ижаза» орталығының меңгерушісі Теміржан қари Муратов, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов, Қостанай облыстық мешітінің ұстазы Мұртаза қари Балахмет болды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әділқазыларға алғыс хат табыстады.
Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қарилардың тізімі төмендегідей:
Толық Құранды жатқа оқудан;
1 орын Автокөлік - Рахымжан Ержанұлы (Маңғыстау облысы)
2 орын (5 000 000 тг.) - Ахмад Махмадраджабұлы (Ұлытау облысы)
3 орын (4 000 000 тг.) - Нұртілеу Серікұлы (Қызылорда облысы)
4 орын (2 000 000 тг.) - Бекзат Дулатұлы (Ақтөбе облысы)
5 орын (1 500 000 тг.) - Мансұрхан Сарварханұлы (Қарағанды облысы)
Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша;
1 орын (3 000 000 тг.) - Айқын Ақылбекұлы (Астана қаласы)
2 орын (2 000 000 тг.) - Нұрислам Фархадұлы (Алматы қаласы)
3 орын (1 500 000 тг.) - Рахимәлі Хожаниязұлы (Шымкент қаласы)
4 орын (800 000 тг.) - Мұхаммад Хамзаәліұлы (Қостанай облысы)
5 орын (500 000 тг.) - Махмұт Жолдасұлы (Шығыс Қазақстан облысы)
Құранның 10 парасын жатқа оқу бойынша;
1 орын (1 500 000 тг.) - Мұхаммад-Юсуф Нұрасылұлы (Алматы облысы)
2 орын (1 000 000 тг.) - Омар Махамбетұлы (Батыс Қазақстан облысы)
3 орын (750 000 тг.) - Біләл Нәдірұлы (Павлодар облысы)
Құранды мәнерлеп оқу бойынша;
1 орын (700 000 тг.) - Нұрмұрат Абдулла (Павлодар облысы)
2 орын (500 000 тг.) - Мұсабек Мәделіұлы (Батыс Қазақстан облысы)
3 орын (300 000 тг.) - Хабибулла Исмаханұлы (Түркістан облысы)
Одан өзге 10 пара бойынша сайысқа түскен ең жас қарилар Ахмет Нұрланұлы (ШҚО, 9 жаста) мен Әбділәзиз Әбдулбасит (Қарағанды облысы, 9 жаста) «Көрермен көзайымы» номинациясымен (300 000 теңгеден) марапатталды.
Жарысқа қатысып, жүлде алмаған үміткерлердің әрқайсына 80 000 теңгеден берілді.
Айта кетейік, екі күнге созылған Құран байқауын «Мүфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан және «МҰНАРА ТВ» телеарнасынан онлайн көрсетілді. Тікелей көрсетілім арқылы шет мемлекеттер Мысыр, Түркия, АҚШ т.б көрермендер де көре алды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






























































