АҚТӨБЕДЕ МЕЦЕНАТ ӨЗІНЕ СЫЙЛАНҒАН ҚОС ЖЫЛҚЫНЫ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ СЫЙЛАДЫ
Мәуліт айында Ақтөбе қаласында өткен XV республикалық Құран байқауының қорытынды кешінде дін мен дәстүр аясында тағылымды сыйластықтың жарқын үлгісі көрініс тауып, сүннет амал орындалды.
Аталған байқауға тұрақты түрде демеушілік жасап, Құран ілімі мен дін қызметіне қолдау көрсетіп жүрген белгілі кәсіпкер, меценат Бахаридин Нұғманұлы Аблазимовке ақтөбелік кәсіпкер тарапынан ерекше құрмет көрсетіліп, екі ат мінгізілген болатын.
Алайда Бахаридин Нұғманұлы өзіне көрсетілген құрметті жеке басына пайдаланбай, сыйға берілген қос жылқыны дін жолында ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан имамдарға сыйлауды жөн көрді.
Осылайша, қос тұлпар көп жылдық еңбек өтілі бар дін қызметкерлеріне сыйға тартылды. Атап айтқанда: 28 жылдық еңбек өтілі бар Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің наиб имамы Тлеубай Жамбыл Әлмұхаммедұлына; 23 жылдан бері елге имамдық қызмет атқарып келе жатқан Темір ауданы, Саркөл ауылдық мешітінің имамы Рүстем Нұрғазин Садықұлына мінгізілді.
Бұл қадам — меценаттың дін қызметкерлеріне деген шынайы құрметі мен ел игілігіне жасаған қолдауының айқын көрінісі. Құран байқауының аясында орын алған бұл игі іс ізгілік пен өзара сыйластықтың, дінге қызмет еткен азаматтардың еңбегін лайықты бағалаудың жарқын үлгісіне айналды.
Халықтың діни сауаттылығын арттыру бағытында жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан қос дін қызметкеріне сыйланған бұл құрмет — олардың қоғамға сіңірген елеулі еңбегіне берілген шынайы баға болды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі














































