Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты қала және ауыл имамдарына алқалы жиын өтті 6364

Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты қала және ауыл имамдарына алқалы жиын өтті

20 мамыр 2026 57 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы өкілдігінде Құрбан айт мерекесіне орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Жексенбай Торбаев пен Нұрбол Смағұловтың жетекшілігімен «Qurban 2026» шарасына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан және қала имамдарына арналған алқалы жиын өтті. 

Жиналыс барысында Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізу үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар бекітті. Құрбан малын сою үшін бекітілген арнайы мал соятын орындарды дайындап, ол жердің тазалығына мән беру, мал сою талаптарын сақтау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, жедел жәрдем, қауіпсіздік қызметкерлерін бекіту, сойылған құрбандық еттерін пакеттеп, мұқтаждарға тарату үшін еріктілер тобын құру сынды бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар қала, аудан көшелері мен мешіт аулаларына құрбан айтпен құттықтау баннерлерін іліп, жамағат пен халыққа Құрбан айтпен құттықтау хаттарын таратуды тапсырды.

Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта ет тапсырыс беріп, етке өтініш білдіру үшін арнайы qurban.muftyat.kz сайтын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады.

Аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады. Ақтөбе қаласы бойынша 41 разъезд мекен-жайы бойынша орналасқан «Айбек» СТК (41 разъезд 06), «Дала ел» ЖШС мал базары (четный квартал 178, участок 14) және ЖШС «Кайрат 2024» (Жанақоныс 640) құрбандық малын сою орны болып бекітілді.

Айта кетсек, биыл арапа – 26 мамыр күні болса, Құрбан айт 27 мамыр күні басталады. Ал айт намазы 27 мамыр күні Ақтөбе облысы бойынша сағат 06.30-да.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі