Ақтөбе: Рамазанға дайындық туралы алқалы жиын өтті 2556

Ақтөбе: Рамазанға дайындық туралы алқалы жиын өтті

15 наурыз 2023 146 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының төрағалығымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Рамазан айында атқарылатын іс-шаралар» атты қала, аудан имамдарына арналған алқалы жиын өтті.

«Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі», -деді Серікжан Еншібайұлы.

Жиында облыстың Бас имамы күн тәртібі бойынша мешіттер мен дін қызметкерлерінің Рамазан айын жоғары деңгейде атқару үшін осы бастан дайындық жұмыстарын пысықтады.

Атап айтсақ, ҚМДБ жоспарына сәйкес, қасиетті айда мешіт ауласынан ауызашар өткізетін орындар дайындау, «Рамазан нұр шашқан ай» айдарымен мешіттерді безендіру, қоғамдық орындарға, көшелерге «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен баннерлер, плакаттар ілу, жағдайын ескере отырып, хатыммен тарауық оқылатын мешіттер мен хатымсыз тарауық оқылатын мешіттерді бекіту және иғтиқафқа қалуға рұқсат берілетін мешіттерді ертерек бекітіп, жамағатты ақпараттандыру, мүмкіндікке орай тарауық намазынан соң жамағатты қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету, «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазанда мешітке кітап сыйла» т.б қайырымдылық акцияларын, жамағат арасынан Құран хатым оқу топтарын ұйымдастыру, ауызашарлардың тұрақты берілуін және мешітер жанындағы асханаларда берілетін ауызашар дастархандарында пайдалатын тағамдардың халал стандарттарға сәйкестігін қадағалауды және қайырымдылық себеттеріне салынатын азық-түліктерге де ҚМДБ «Халал» таңбасы бар өнімге көбірек көңіл мәселесі айтылды.

Сонымен қатар «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Рамазанға сай ҚМДБ бекіткен 5 бағыт негізінде ерекше жобалар мен түрлі форматтағы іс-шаралардың ұйымдастырылуын, халық арасында кең көлемде насихатталуы мен ақпараттандырылуы, қауіпсіздік талаптары сақталуы, қайырымдылық жұмыстары жүйелі түрде өткізілуін қадағалау тапсырылды.

Одан өзге облыстың Бас имамы алқалы жиынның маңыздылығы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі