#Рамазан2026 : Ақтөбеде Рамазанға дайындық жұмыстары пысықталды 5928

#Рамазан2026 : Ақтөбеде Рамазанға дайындық жұмыстары пысықталды

12 ақпан 2026 52 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің төрағалығымен өңірге қарасты қала және ауданның бас имамдарына Рамазан айына байланысты (ауа райының қолайсыздығына байланысты) онлайн форматта жиын өтті.

Қасиетті айда жүзеге асырылатын діни-ағартушылық және қайырымдылық шаралары кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар мешіттерде тарауих намазын жоғары деңгейде ұйымдастыру, тарауих намазына қариларды бекіту және Құран хатым түсіру ісін жүйелі түрде жүргізу мәселесі айтылды. Одан өзге жамағат үшін намаз оқып үйрену және Құран үйрену курстарын ұйымдастыру, онлайн Құран хатым өткізу арқылы халықтың діни сауатын арттыру қажеттігілі ле қамтылды.

Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға ерекше мән беріліп, таратылатын азық-түлік қоржындарында тек ҚМДБ халал сертификатын алған өнімдердің болуы қатаң қадағаланатыны ескертілді. Қарттар үйі мен жетімдер үйіне арнайы қайырымдылық шараларын ұйымдастыру айтылды.

Мешіттердің іші-сыртын безендіру, Рамазан айымен құттықтау банерлерін ілу және арнайы құттықтау хаттарын тарату тапсырылды. Ақпараттық-насихат бағытында 30 күнге 30 видеоуағыз түсіру, тарауих намазында оқылатын аяттардың тәпсірлерін жамағатқа түсіндіру міндеті қойылды.

Жиын қортындысында Амантай Садиев Рамазан айын ұйымшылдықпен, жоғары жауапкершілікпен өткізу қажеттігін атап өтіп, берілген тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындауды қадағалауды жүктеді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі