Діни және этно-мәдени бірлестік өкілдері мен ҮЕҰ мүшелеріне арналған ашық есік күні өтті 2557

Діни және этно-мәдени бірлестік өкілдері мен ҮЕҰ мүшелеріне арналған ашық есік күні өтті

16 наурыз 2023 94 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі мен облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Қош келдің, қасиеті мол Рамазан!» атты Ақтөбе облысы бойынша діни конфессиялар, ұлттар мен ұлыстардан құралған «клуб» мүшелерінің басқосуы өтті. 

Татулық пен бірлікті арттыруға арналған жиында облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті өзге дін өкілдері мен ұлт-ұлыс өкілдерін қабылдады.

Қонақтарды алдымен мешіт жанында орналасқан Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Руханият» көрме залында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қарсы алып, келе жатқан Рамазан айының қасиеті мен ерекшеліктерін баяндады.

«Тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің басты жолы өзара құрмет пен сыйластық. Ал өзара сүйіспеншілікте болудың жолы жақын танысуда жатыр. Сондықтан мұны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адам баласын өз ерекшелігімен, өз дүниетанымымен қабылдай отырып пікірлесуде. 

Алла Тағала біздерге: «Кітап иелерімен (өзге дін өкілдерімен) ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» деп бұйырды»,-деп мешітте ашық есік күнін өткізудің мәнін айтты.

Ал мұражай қызметкерлері тарихи және көне жәдігерлерді таныстырып, ғимарат ішінде экскурсия жасатты.

Сонымен қатар ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан қажы Аханұлы дінаралық диалог пен келісімнің маңыздылығына тоқталса, «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов орыс тілінде Рамазан айы қасиеттілігі және ораза ұстаудың пайдалары мен ерекшеліктерін түсіндірді.

Есік ашық күніне жиналған қонақтарға оразаның рухани, физиологиялық және медициналық пайдасы туралы бейнеролик көрсетілді.

Аталған рухани іс-шара облыстық мешіттің әр қабатына экскурия жасаумен жалғасын тапты. Имамдар мешіттің ұжымын, жұмыс жасау тәртібі мен жүйесін түсіндіріп, облыстық мешіттің салыну тарихын баяндады. Қонақтар ислам діні туралы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Экскурсия мешіт асханасында қонақтарға жайылған ақ дастархан басында басқосуға ұласты. Дастархан басында Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйлеп, облысымыздың өркендеуіне атсалысып жатқан әртүрлі дін және ұлт өкілдеріне өзінің шынайы алғысын айтты.

Келген қонақтар ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын айтып, қуаныштарын жеткізді.

Жиын соңында «Нұр Ғасыр» мешітінің тарихы жазылған 3 тілдегі кітаптар мен ҚМДБ-ның алғашқы Бас мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлының «Ислам діні» жайында жазған кітабының орыс тіліндегі нұсқасы табысталды.

Айта кетсек, облыстың Бас имамы БАҚ өкілдеріне діни және этно-мәдени бірлестік өкілдері мен ҮЕҰ мүшелеріне арналған ашық есік күнінің маңыздылығы туралы сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі