Ақтөбе: «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының цифрландыру семинары өтті 3492

Ақтөбе: «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының цифрландыру семинары өтті

28 тамыз 2024 409 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің конференция залында «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыру семинары өтті.

Аталған жиынға арнайы елордадан іс сапармен ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, SHARAPAT DIGITAL ЖШС-ның директоры Еркін Тойжанов келді.

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиевтің семинарды ашып, маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар басқосуға РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, имамдар мен молдалар, ақсақалдар қатысты.

Семинарда Мейрамбек Қабылбекұлы дін қызметкерлеріне мазарларды электронды қосымшаға тіркеудің мән-жайын жіті түсіндірді. Дүниеден өткен жақын адамдарыңыздың жатқан жерін мобильді қосымша арқылы табу қызметі заман талабы екенін және биылғы жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарындағы зираттарды цифрландыру, зираттар туралы деректерді орталықтандыру жоспарда екенін айтты.

Ал Еркін Тойжанов цифрландыру жұмыстарының қалай орнатылатындығын баяндады.

Айта кетсек, бүгінде мүфтият жанынан «Зират жəне зиярат мəдениеті» құжатын басшылыққа алған «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатыр. Еліміздің барлық аймағынан орталықтың филиалдары ашылды. Орталық жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай бірізділікке келтіру, зират құлпытасын тұрғызу мәдениетін қалыптастыруға атсалысып келеді. «QAMQOR-SHARAPAT» орталығы марқұмды жуудан бастап, шариғат талаптары бойынша жаназа өткізу, қабірді қазу, жерлеу, ас беру, зират басына белгі тас қою т.б жерлеу рәсімдерінің толық кешенін атқарады.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі